Ембілік мұнайшылар арыстық балаларға қолдау көрсетті

24 шілде, 2019

Атырау облысындағы отандық мұнай өндіруші компания «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері «Арыс. Біз біргеміз» республикалық акциясына үн қосып, жалақылары есебінен қаражат жинады. Жиналған қаражатқа Түркістан облысы Арыс қаласының бүлдіршіндерін қолдау мақсатында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды.   

Қайырымдылық шарасына жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, қала басшылығы мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара кезінде Арыс қаласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400-ден астам балаға «Мектепке жол» бағдарламасы аясында мектеп киім-кешектері тарту етілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының қайырымдылық-демеушілік шараларын тұрақты ұйымдастырып келе жатқанын атап өткен жөн. 2015 жылы ЕМГ қызметкерлерінің жалақысы есебінен жиналған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар Атырау қаласындағы 4 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылғызілікті бір қарияға баспана салынып берілді. Ал, 2016 жылы Атырау қаласындағы балаларының екеуі ауыр дертке шалдыққан көп балалы отбасыға да жаңа үй тұрғызылды. 2018 жылы ембіліктер қатты нөсерден зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына да қолдау көрсетіп, бір күндік жалақылары есебінен қаражат жинап, оған   облыстағы Малеевск, Зубовск, Зырян қаласының шеткі мөлтек аудандарындағы баспанасы жөндеуге келмейтін жанұяларға 7 баспана тарту еткен болатын.

Осы жылы ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтың бастамасымен ембілік мұнайшылар бір күндік жалақыларын жинап, Рамазан айы қарсаңында Атырау облысындағы Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға аудандарындағы баспанасыз, көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған сегіз отбасыға 8 баспананың кілтін табыс еткен болатын.

Бұл жолғы көмек арыстық мектеп оқушыларына арналды. Қаладағы 40 мектептің арасынан жарылыстан бүлінген 16 мектептің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына арнап көмек ұйымдастырылды. Арыс қаласы бойынша білім беру бөлімінің басшысы Әбдіхан Мұсаев барша қазақстандықтардың қол ұшын созып жатқанын атай отырып, арнайы келген ембілік мұнайшыларға арыстық ата-аналардың алғыстарын жеткізді. Оның айтуынша Арыс қаласы бойынша 20 мың мектеп оқушысының 1843-і әлеуметтік көмекке мұқтаж екен. Бүгін осы оқушылар арасынан бастауыш сынып бүлдіршіндеріне мектептік киім-кешектен көмек көрсетіліп жатыр. 

Дереккөз: zhasalash.kz