С.Балғымбаев кен орнының ашылғанына – 50 жыл

03 қазан, 2018

Атырау облысының Исатай ауданы – қойнауы құт-қазынаға толы мекен. 1968 жылы осы ауданға қарасты Мартыши кен алаңында алғаш рет мұнай игеріле бастаған еді. 1973 жылы «Жайықмұнайгаз» басқармасы құрылды. Содан бері Нарын құмын жайлай орналасқан елдің игілігі еселеніп келеді. Алғашқы кезде жұртшылық арасында Мартыши атауымен кең тараған кен алаңына 2000 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геологы Салтанат Балғымбаевтың есімі берілді.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ге қарасты кен алаңының ашылғанына биыл – 50 жыл. Мерейлі дата атаусыз қалмады. Кен алаңынан басталған салтанат аудан орталығында жалға­сын тауып, жаңа нысандар пай­далануға берілді, мәдени шаралар ұйымдастырылды. С.Балғымбаев кенішінде мұнай-газ дайындау және айдау, мұнай өндіру цехтары мен өндірістік құрал-жабдықтарды жөндеу және прокаттау бөлім­шесі жұмыс істейді. Кен ала­ңын­­дағы ұңғымалар жұмысы толық­тай автоматтандырылған. «1971 жылы жұмысқа орна­ластым, – деп еске алады кә­сіп­­­­орынның байырғы геологы Қ­азипа Сүйінғариева. – Кен ор­нын алғашқы игерушілердің бірі екенімді мақтанышпен айта­мын. Осы жерден жолдама алып, Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ институтында оқып келдім. Оператордан бастап цех бас­тығына дейінгі қызметті ат­қарып, 2006 жылы зейнетке шық­т­ым. Біздің кезімізбен қазір­гі жұ­мыс жағдайын салыстыру мүм­кін емес, біз ол кезде барлық жұ­мысты қолмен істейтін едік». Иә, қазір жағдай басқаша. «Ембімұнайгаз» АҚ әлеумет­тік ахуалға айрықша көңіл бөле­ді. Мұны салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас­қар­­­ма төр­ағасының орынбасары Құр­­­ман­­ғазы Есқазиев ерекше атап өтті. – Бүгінгі таңда «Ембімұнай­газ» АҚ өте көне кен орындарын игеріп жатыр. Соған қара­мас­­тан әлеу­меттік жағдайды жақ­­сар­тып, жұмысшыларға көп көңіл бөлуде. Компанияның бас­ты құн­ды­­лығы – сіздер, мұнай­­шы­лар­! Әлеу­меттік нысандарды жақ­­сар­­ту жұмыстары жалғасады. Мұ­­най­­шылардың кәсіби мерекесі қар­­саңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің Кенбай кен алаңын­да 100 орындық жатақхана­ның, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ге қараст­ы Қисымбай кенішін­­­де 50 орындық асхананы іске қос­­тық. Бүгін С.Балғымбаев кен ала­­ңын­­дағы 150 орындық ас­хана сіздерге есігін айқара ашып отыр. Уа­қыт бір орнында тұр­май­ды. Бо­ла­­шақта осындай жұмыс­тары­­­мыз­д­ы жалғастыра береміз, – деді өз сөзінде Құрманғазы Орын­ғазыұлы. Қ.Есқазиев өзінің құттықтау сөзінде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Соңғы жыл­дарда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бойынша 60 шақырымдық өн­дірісішілік жолдың құрылысы аяқ­талып, іске қосылғанын, сонымен қатар Қаратон құрылымын­да барлау жұмыстарын бастау жөнін­дегі жұмыс жоспары қолға алы­натынын, бұл орайда ұңғыма­лар­дың тереңдігі 6000 метр бола­тын­дығын да атап өтті. «С.Нұр­жанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Новобогат кеніштерінде ұңғы­маларды бұрғылау жұмыс­тары қол­ға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-та 5 мың­нан астам адам еңбек етеді. Биыл­ғы жылы 2 миллион 895 мың тонна өнім игеру жоспарлануда», деді ол. Мерекелік шара одан әрі сазды бағдарламамен және еңбек озаттарын марапаттаумен жал­ғасты. Қара алтын өндірі­с­інің өркендеуіне өлшеусіз үле­сін қосып, үлгі-өнеге болып жүрген кәсіби мереке ие­лері­нің бір тобына Энерге­тика ми­нистр­лігінің «Мұнай-газ кеше­нін дамытуға қосқан үле­сі үшін» медалі табысталды. Сон­дай-ақ «Самұрық-Қазы­на» Ұлт­тық әл-ауқат қоры» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Ембі­мұнай­газ» АҚ-тың Құрмет грамота­сы мен Ал­ғыс хаты, Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Марапаттау шарасына жинал­ған­дарды «Ембімұнайгаз» АҚ-тың басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков құттықтады: – Үстіміздегі жылдың 23 та­мы­­зы күні Атырау облы­сын­дағы жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев «Ембімұна­йгаз» АҚ-тың бас кең­­се­сіне келді. Бұл – ембілік мұ­­най­­шы­лар үшін үлкен мәр­тебе. 23 жыл бұрын Елбасы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, енді Мемлекет басшысы екінші рет қазақ мұнайының қара шаңырағына аяқ басып отыр. Елбасы өндіріс үдерістерін қадағалау орталығының жұмысы­мен, соның ішінде «Интел­лек­туалды кен орын» жобасының жұмысымен танысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің компания Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сай өндірісті жаңа тех­нологиялармен қамтып, тың жоба­ларды батыл енгізіп келеді. 2016 жылы өндіріс шы­­ғын­­дарын оңтайландыру мен еңбек өнімділігін арттыру мақ­­сатында қолға алынған бұл қа­нат­­­қақты жоба – Уаз кен ала­ңы­н­да іске қосылып, бүгінде тиім­ділігін дәлелдеп те үлгерген тың бағ­дарлама. 2017 жылы жоба жұ­мысы Прорва кен алаңдары тобы­на таратылды. 2024 жылдың со­ңына дейін 12 кен алаңы цифр­лы өндіріске көшіріледі. Ембі өндірісін өзгерістермен, жаңа технологиялармен үздіксіз қамту ең алдымен ұжымдағы бір­лік­тің, ауызбіршіліктің жемі­сі деп түсіну керек. Бұл ембі­лік мұнайшылардың бере­келі тірлік­терінің арқасы деп есеп­теймін, сол үшін де сіздерге үлкен ал­ғыс айтамын, – деді құттықтау сөзін­де Әнуар Еркінұлы. С.Балғымбаев кен алаңынан басталған шаралар легі Иса­тай ауданының орталығы Аққыс­тау ауылында орналасқан «Жайық­мұнайгаз» басқармасы бас кең­се­сі­н­ің күрделі жөндеуден кейін­гі ашылу салтанатымен жалғас­ты. Қонақ­тарды қарсы алған «Жайық­мұнайгаз» мұнай-газ өндіру бас­қармасының бас­шысы Мәлік Жү­нісов те қойнауы құтты мекенде жасалып жатқан игі істерді атап өтіп, болашақтағы жос­парларымен бөлісті. «Ембімұнайгаздың» елге тар­туы мұнымен біткен жоқ. Түс­тен кейін аудан халқы мәде­­ниет үйіне қарай ағылды. Қара сөзге дес бермеген ақын­дар ауылға келіп, айтыс ұйым­дастырды. Айнұр Тұрсынбаева, Бал­­­ғын­­бек Имашев, Бекарыс Шой­­беков, Сара Тоқтамысова, Жан­дар­­бек Бұлғақов, жергілікті ақын­дар Саадат Нұрманов, Шал­қарб­ай Ізбасаров, Сырымбек Сәр­­сем­­баевтар қатысқан айтыс көрер­­менге ерекше көңіл күй сый­­лады. Ал кешкісін орта­лық ста­дион­да Н.Жантөрин атын­да­ғы об­лыс­тық филармо­ния өнер­паз­дары мен қазақ эстрада­сы­ның өнерлі жұбы Қыдырәлі Бол­манов пен Қарақат Әбілди­наның қаты­суымен гала-концерт өтті. Күн ұзаққа созыл­ған шара мере­келік отшашумен тәмамдалды.

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ