Қосөзен арасындағы қазынаны игерген

03 қазан, 2018

С.Балғымбаев атындағы кен алаңына – 50 жыл

Еділ мен Жайық – қос өзен аралығындағы өңірден мұнай іздеу бағытындағы барлау жұмыстары 1957 жылдан бастау алды. Сол кезде «бұл жұмыстан нәтиже шыға қоймас» деген сенімсіздіктің де болғаны рас.
Алайда, 1962 жылы Мартыши кен алаңының «қара алтын» қабаттарына жүргізілген өндірістік сынақ жұмыстары кезінде №1 ұңғымадан мұнай бұрқағы атқылап, тәулігіне 117 текше метр таза мұнай берген. Осылайша, қос өзен аралығындағы өңірдегі экспедиция жұмысы нәтижелі аяқталады. Бұрғылау жұмыстары қыза түсіп, 1963-1967 жылдар аралығында Мартыши кен орнынан мол мұнай қоры анықталып, оның технологиялық құрамдары жасақталады. 1968 жылдың қаңтар айында №№ 11, 17, 27, 28, 30 ұңғымаларды іске қосу арқылы Мартыши кен орны тұрақты өндірістік пайдалануға берілді. Сол жылдың 16 қаңтарында қазандарға 800 тонна көлемінде алғашқы мұнай жиналып, келесі күні эстакадаға бірінші эшелон құйылды. Сөйтіп, бір жылдың ішінде кен алаңынан 1 343 000 тонна мұнай өндіріліл, мемлекетке тапсырылған.

Осылайша, 1968 жылы қос өзен аралығында экономикалық жаңа сапалы мұнай өнеркәсібі дүниеге келді. Ал, 1973 жылы «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. 2000 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Мартыши кен алаңына елімізге еңбегі сіңген геолог-мұнайшы Салтанат Балғымбаевтың есімі берілді. Бүгінде қос өзен аралығындағы қазыналы аймақтан алғаш мұнай өндіріліп, елдің игілігіне жаратылып, ырысына айналғанына да 50 жыл толып отыр. Осынау жарты ғасырда мұнда мұнайшылардың бірнеше буыны қалыптасып, талай жасампаз істер тындырылды.
Жартығасырлық кеніште – жаңа асхана
ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Ембімұнайгаз» АҚ –на қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының С.Балғымбаев атындағы кен алаңының 50 жылдық мерейтойы салтанатты түнде аталып өтті. Мерейтойлық шаралардың шымылдығы осында жаңадан салынған 150 орындық жұмысшылар асханасының пайдалануға берілуіне арналған тұсау кесу рәсімімен ашылды. Айта кету керек, осыған дейін пайдаланылып келген 100 орындық асханада түскі ас кезінде адамдардың кезек күтіп, тұрып қалуларына тура келетін. Енді міне, бұл проблема шешімін тапты, мұнайшылар бір мезгілде кезексіз тамақтана алатын болды.
Салтанатты шара кезінде сөз алған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы» Басқарма төрағасының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев Ембі кен алаңдарының әлеуметтік нысандармен толықтай қамтылып отырғанын баса айтып өтті.

— Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ өте көне кен орындарын игеріп жатыр. Соған қарамастан әлеуметтік жағдайды жақсартып, жұмысшыларға көп көңіл бөлуде. Компанияның басты құндылығы — Сіздер, мұнайшылар! Әлеуметтік нысандарды жақсарту жұмыстары жалғасады. Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында «Қайнармұнайгаз» МГӨБ –ның Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхананың, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Қисымбай кенішінде 50 орындық асхананы іске қостық. Бүгін С.Балғымбаев кен алаңындағы 150 орындық асхана сіздерге есігін айқара ашып отыр.
Уақыт бір орында тұрмайды. Болашақта осындай жұмыстарымызды жалғастыра береміз, — деді өз сөзінде Құрманғазы Орынғазыұлы.
Қ.Есқазиев өзінің құттықтау сөзінде атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Соңғы жылдарда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бойынша 60 шақырымдық өндіріс ішілік жолдың құрылысы аяқталып, іске қосылғанын, сонымен қатар Қаратон құрылымында барлау жұмыстарын бастау жөніндегі жұмыс жоспары қолға алынатынын, бұл орайда ұңғымалардың тереңдігі 6000 метр болатындығын да атап өтті. С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Новобогат кеніштерінде ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары қолға алынғалы отыр. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ 5 мыңнан астам еңбек етеді. Биылғы жылы 2 миллион 895 мың тонна өнім игеру жоспарлануда.

Марапат мерей өсірді
Мерекелік шара одан әрі сазды бағдарламамен және еңбек озаттарын марапаттаумен жалғасты. «Қара алтын» өндірісінің өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосып, өзгелеріне үлгі-өнеге боп жүрген кәсіби мереке иелерінің бір тобына ҚР Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры», «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Исатай ауданы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Салтанатты шараға жиналғандарды алдымен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков құттықтады:
— Үстіміздегі жылдың 23-тамыз күні Атырау облысындағы жұмыс сапарында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас кеңсесіне келді. Бұл — ембілік мұнайшылар үшін үлкен мәртебе. Осыдан тура 23 жыл бұрын Елбасы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, енді мемлекет басшысы екінші рет қазақ мұнайының «қара шаңырағына» аяқ басып отыр. Елбасы өндіріс үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен, соның ішінде «Интеллектуалды кен орын» жобасының жұмысымен танысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің Компания мемлекет басшысының тапсырмасына сай өндірісті жаңа технологиялар қамтып, тың жобаларды батыл енгізіп келеді. 2016 жылы өндіріс шығындарын оңтайландыру мен еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қолға алынған бұл пилоттық жоба- Уаз кен алаңында іске қосылып, бүгінде тиімділігін дәлелдеп те үлгерген тың бағдарлама. 2017 жылы жоба жұмысы Прорва кен алаңдары тобына таратылды. 2024 жылдың соңына дейін 12 кен алаңы цифрлық өндіріске көшіріледі.
Ембі өндірісін өзгерістермен, жаңа технологиялармен үздіксіз қамту ең алдымен ұжымдағы бірліктің, ауызбіршіліктің жемісі деп түсіну керек. Бұл-ембілік мұнайшылардың берекелі тірліктерінің арқасы деп есептеймін, сол үшін де сіздерге үлкен алғыс айтамын — деді құттықтау сөзінде Әнуар Еркінұлы.
Құттықтау сөздердің легін әрмен қарай Исатай ауданының әкімі Марат Мұрзиев, «Жайықмұнайгаз» мұнай- газ өндіру басқармасының басшысы Мәлік Жүнісов, «Ембімұнайгаз» АҚ Кәсіподақ ұйымының жетекшісі Кенжеғали Шанканов, аталмыш басқарма кәсіподақ комитетінің төрағасы Самат Қабделов жалғастырды. Осы жерде біз марапатталғандардың бір тобын сөзге тартқанбыз.
Шаймерден ТӨЛЕҢГІТОВ, ардагер- мұнайшы: — Отыз жыл еңбек өтілім осы мұнай өнеркәсібі саласында өтті. Қатардағы мұнай өндіру операторынан бастап басқарманың бас инженері, басқарма басшысына дейінгі баспалдақтардан өттім. Әрине, еңбекке араласқан алғашқы кезеңдерде көптеген қиындықтар да кезікті. Қазіргідей жайлы жатақхана, алаңсыз отырып тамақтанатын асхана дегенің атымен жоқ. Өндірістік процестерде де кедергілер болып тұратын. Оларды тек біроесіп қана жеңе білдік. «Күш біріксе, алынбайтын қамал жоқ» деген сөз осыдан қалған шығар. Заманның түзеліп, жағдайдың жақсарғаны осы емес пе, бүгінде Ембі өндірісі жаңа технологиямен жұмыс жасауда. Мұнайшылардың әлеуметтік мәселелері де шешімін тапқан. Осының бір көрінісі мына асхана. Мұнайшыларға жасалып жатқан әлеуметтік көмектерге бәріміз де дән ризамыз.
Қазира СҮЙІНҒАРИЕВА, ардагер-мұнайшы: — Мен осы Мартышидан (бүгінгі С.Балғымбаев кен алаңы) бастап көптеген кен орындарында еңбек еттім. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының геологиялық қызмет бөлімінің басшылығынан зейнеткерлік демалысына шықтым. Әрине, айтуға жеңіл көрінгенімен, оңай болмағаны да шындық. Әсіресе, бұл салада ер азаматтармен қатар жүріп, солармен бірдей еңбек ету – әйел адамдар үлкен сын, салмақ болатын. Соның бәріне де шыдамдылық таныттық. Қиындықты жеңдік, жемісі мен жеңісін бірге көрдік. Міне, бүгінгідей бақытты күнге жеттік. Еңбегіміз бағаланып, марапатты да алдық. Өзіміз куәсі болып отырған мынадай қуанышты сәттеріміз көп болсын. Басшы азаматтар мен ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Нұрберген ПАЗЫЛОВ, орталық инженерлік технологиялық қызметтің ауысым инженері: — Отыз төрт еңбек өтілімнің алғашқы он жылында мұнай өндіру операторы, одан кейін мұнай өндіру шебері болдым. Соңғы 14 жылдан бері осы жұмысты атқарып келемін. Өзіміз бірінші болмасақ та, С.Балғымбаев атындағы кен алаңын алғашқылар қатарында ашқан, соған атсалысқан аға-апаларыммен жұмыстас болып, солардан көп нәрсені үйреніп-білгенімді мақтаныш тұтамын. Ал, мынадай игіліктерге кенелуіміз де еселі еңбегіміздің өтеуі, қайтарымы деп есептеймін. Іс басында жүрген азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Жаңарған кеңсе – жайлы қызмет
Салтанатты шара кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ және аудан басшылары Исатай ауданының орталығы — Аққыстау селосындағы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің күрделі жөндеуден кейінгі орталық кеңсе ғимаратын аралап көрді. Оның тұсаукесер рәсіміне қатысып, рәміздік лентаны қиды.
Мерекелік шараның бағдарламасында мұнайшылар құрметіне республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, оған бүгіндері республика жұртшылығына кеңінен танылып жүрген ақындар арнайы шақырылды. Ал, мерекелік бағдарлама кешкілік орталық стадиондағы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары мен қазақ эстрада жұлдыздары –өнерлі жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның қатысуымен болған гала-концертке ұласты. Мерекелік шара отшашумен мәресіне жетті.

Дәулетқали АРУЕВ