Мұнайшылар атынан жаңа баспана

23 мамыр, 2018

Тағдырдың өзі Шығыс Қазақстан облысына мол байлық сыйлаған.  Бұл аймақ минералды-шикізат ресурстарына – пайдалы қазбаларға өте бай болуымен қатар, әсем табиғи ортасымен де ерекше: көгілдір тау мен жасыл алқап, ормандар араласа орналасқан, мыңдаған өзендер осы аумақты басып өтеді. Бірнеше өзен құятын Ертіс өзені мен атақты  Бұқтырма су қоймасы да осында.

Биылғы көктемде облыста болған табиғат апаты - су тасқыны  кезінде шығысқазақстандықтарға еліміздің түкпір-түкпірінен көмек келді. «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының көмегінің арқасында облыстың Зырян ауданының жеті бірдей отбасы жаңа баспанаға ие болды.

Су тасқыны

Сол бір қауіпті күндерде Өскеменде, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Қатон-Қарағай және Зырян аудандарының мыңдаған баспаналары су астында қалды. Су тасқыны Зырян ауданының Зубовск, Малеевск елді мекендерін басып қалды, аудан орталығы - Зырянның ескі бөлігінде су ұзақ жатты.

Атқарушы биліктің тәулікішілік үйлесімді жолға қойылған жұмысының нәтижесінде адам шығыны болған жоқ. Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айтуынша, күні бүгінге дейін оның командасы уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованы елді мекендерді аралау кезінде  суға кетіп бара жатқан машинадан құтқаруға тура келген. Бұл жөнінде республикалық телеарналардың жаңалықтарынан естіген қазақстандықтар нәзік әйелдің қиын сәттердегі әрекетіне риза болды.

Табиғи апаттан кейін...

Су тартылды. Алайда,соңында зардаптың белгісі  қалды,  жөндеуге келмейтін, бүлінген баспана,  олардың біразы – тұруға жарамсыз тұрғын үйлер.

- Су тасқынын дәл осылай тез келеді деп күтпеген жұртшылық қауіп келгенде балаларын көтере сала, баспаналарын тастай қашты. «Құжатсыз, жылы киімсіз далада қалдық» - деп сол бір күндерді еске алады зыряндықтар. 

Шығыс Қазақстан облысына еліміздің барлық өңірлерінен көмектер ағылды. Әсіресе, еліміздің батыс аймақтары, соның ішінде, Атырау облысы дереу көмектер ұйымдастырды. Шығыс Қазақстан облысы жастар ресурсы орталығының жетекшісі Арайлым КЕРІМБЕКҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, Атыраудан киім-кешек, тағамдардан үш рет көмек келген. Әсіресе, жаңа мектеп формасына ие болған балалардың қуанышын айтсаңыз, олар сабақтан қалмауларына мүмкіндік болғанына шексіз қуанды.

Ембілік мұнайшылардың көмегі

Үлкен қолдауды «Ембімұнайгаз» мұнайшылары көрсетті. Айта кетсек, Табиғат апатынан зардап шеккендерге қолдау көрсету шарасы ембіліктер үшін алғашқы емес. 2015 жылдың мамыр айында болған көктемгі су тасқынынан Атырау қаласының және қала маңының  тұрғындары зардап шеккенде компанияның Жастар кеңесінің мүшелері өз қаражаттарына жағдайы төмен тұрғындардың шарбақтарына жиналған суды айдау үшін арнаулы техникалар жалдап, су басқан үйлерден тұрғындардың заттарын шығарып, мектептерге орналасуға көмектескен еді. Сол сәтте жастардың бастамасын компанияның сол кездегі басшысы – «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ қолдады.

Оның ұсынысымен компания ұжымы көктемгі жауын-шашын салдарынан зардап шеккен отбасыларына қолдау көрсету мақсатында бір күндік жалақылары есебінен көмек ұйымдастырған болатын. Атырау облысы әкімдігі нөсер жауыннан баспаналары жарамсыз болған  жанұялардың тізімін ұсынды. 2015 жылы ембілік мұнайшылар бір күндік жалақыларынан жинаған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар 4 отбасының тұрғын үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, жалғызілікті бір қартқа жаңа баспана салынып берілді.

2016 жылы Атырау қаласының тұрғынына жаңа баспана салынды. Бұл отбасындағы төрт баланың екеуінің денсаулығында айтарлықтай кінәрат бар. Сол жылы көктемде бұл отбасы қиын жағдайға тап болды: отағасы жол-көлік оқиғасынан кейін жұмыссыз қалып, дүниеге төртінші сәбилері келді. Ал, үйлері болса, суға толы. «Ембімұнайгаз» басшылығы мен ұжымының арқасында баспана құрылысы жүріп жатқан кезде бұл отбасы жалдамалы үйде тұрып, күзге қарай жаңа үйге көшті. 

Зырян

Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен  тұрғындарға  қолдау көрсету жөніндегі Атырау облысы әкімдігінің үндеуі компания басшылығы тарапынан бірден қолдауға ие болды.  Бес мыңға жуық адам еңбек ететін компания ұжымы нөсер жауыннан қатты зардап шеккен облыс тұрғындарының жағдайына бей-жай қарамады. Әрбір қызметкер еңбек ақылары есебінен  жинаған қаражат көлемі 12 миллионға жуық теңгені құрады. «Ембімұнайгаз» АҚ «Жас мамандар» кеңесінің жетекшісі Серік ШЫҒАНОВ, Зырян аудандық әкімшілігі мен облыстың жастар ресурстық орталығының мамандары бірлесе отырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көмекке мұқтаж жеті отбасын анықтады. Мұнайшылар жинаған қаражат «Зырян –біздің қаламыз» қайырымдылық қорына аударылып, оған Малеевск, Зубовск поселкелері мен Зырян қаласының маңы көшелеріндегі баспаналары су астында қалып, жарамсыз болған  тұрғындарға  төрт пәтер мен үш үй алынды. Шығыс Қазақстан облысы Зырян аудандарының тұрғындарына жаңа баспананы табыс ету салтанатты шарасына «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы: Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ, Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан БАЛЖАНОВ және әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директор Сәлімжан НАҚПАЕВ арнайы келді.

- Ембілік мұнайшылар өздерінің еңбексүйгіштігімен, азаматтық жауапкершіліктерімен және  мұқтаж жандарға қолұшын созатын дәстүрлерімен ерекшеленген. Мұнайшылардың жинаған қаражатына табиғи апаттан зардап шеккен жеті отбасы жылы да жарық, жайлы баспанаға ие болып отыр, - деп атап өткен Ә. ЖАҚСЫБЕКОВ компания ұжымы атынан аудан тұрғындарына жаңа баспананың кілтін және теледидар тарту етті.

- Жайлы баспанада тұру мүмкіндігін жасаған «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына шексіз алғысымызды айтамыз. Су астында қалған ескі баспанамызда етігімізге дейін су кешіп жүрген кезімізде сонау алыстағы Атыраудан осындай көмек келеді деп ойлаған емеспіз. Көп балалы жанұяларға көрсеткен көмектеріңіз үшін компания ұжымына, басшылығына шын жүректен алғысымды айтамын, - деп Малеевск тұрғындары Ерімқан БУКАТОВ пен Сара СУСЕКПАЕВА барша тұрғындардың  алғыстарын жеткізді.  Судан бір қабырғасы опырылып түскен ескі үйден бес балалы жанұя жаңа, кең баспанаға көшіп келді.

Зубовск ауылында су тасқыны болғанда сәби Дарья дүниеге келді. Сәбидің ата-аналары Светлана мен Константин ВАХРУШЕВТАР бар болғаны 18-19 жаста ғана еді. Табиғи апат  кезінде Светлана босанатын үйде болды, олардың шағын баспанасын су әп сәтте шайып кетті. Міне, енді, ембілік мұнайшылардың арқасында жас отбасы аудан орталығындағы жаңа баспанаға ие болды.

Малеевск поселкесінің тұрғыны Татьяна КОЛОНТАЕВАҒА Зырянға тез арада келіп, жаңа пәтерді таңдап, өз атына  рәсімдеу керек екендігін хабарлағанда, қуаныштан көзіне жас алды. Күйеуі екеуінің шағын ағаш үйлері су астында қалып, пеші үйіндіге айналған еді.

Ембіліктерге деген алғыстарын Махаббат ҚАБДАБАЕВА, Марина ШУЛЬГИНА, Қанат ҚАБЕНОВ, Людмила САМОРОДОВАЛАР да айтып жатты. Әр шаңырақтың баспанасыз қалған уайым-қайғылары енді жаңа қуанышты сәтке ұласты.

Соңғы бес жылда компания республикалық және жергілікті бюджетке 696 млрд теңге шамасында, қайырымдылық пен демеушілік шараларына - 2,3 млрд теңге, аймақтың инфрақұрылымын дамытуға 2,8 млрд теңге шамасында қаражат аударды. Жер қойнауын пайдалану келісімшарты аясында компания Атырау облысының мұнай-газ өндіру басқармалары орналасқан аудандарда әлеуметтік нысандар: балабақша, мәдениет үйі, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, мектеп, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне арналған баспана құрылыстарын салды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Атырау-Астана-Өскемен-Зырян-Астана-Атырау