Геология саласындағы жаңа кезең

22 мамыр, 2018

Астанада мұнай және газды барлау жөніндегі II халықаралық форум (Kazakhstan Geology Forum, Oil&Gas – 2018) өтті. Шараны өткізу жұмыстарын Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы ұйымдастырды және Kazenergy қауымдастығы атсалысты. 

Форумға Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Инвестиция және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті қолдау білдірді. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының салалық министрліктері мен ведомствола­рының, ірі мұнай газ кәсіпорын­да­рының басшылары, сарапшылар қатысты.

Kazakhstan Geology Forum, Oil&Gas – 2018 форумы Қазақстанның мұнай геологиялық барлауын дамы­тудағы басты басымдылықтар, Қазақстанға геологиялық барлауға инвестиция тарту мақсатында заңдық базаны жетілдіру, скважиналарды геофизикалық, кәсіпшілік зерттеу, алқаптық геофизикалық жұмыстар, отандық геологиялық барлау ғылымы және тәжірибе, цифрлы геология, «ақылды кен орындар», мамандарды дайындау және басқа да негізгі тақырыптарды қамтыды.

Шара барысында «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру АҚ бас директоры, И.Губкин атындағы университетінің профессоры, академик Құрманғазы Есқазиев арнайы баяндама жасады.
– Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру компаниялар тобы жет­кілікті деңгейде мұнай қорын өндіріп отыр­ғанына қарамастан, ертеректе ашылған мұнай кен орындарындағы мұнай қорының жыл санап азайып келе жатуын ескеріп, қорды толықтыру жайына аса мән беріп отырғанын айта кетті сарапшы.

– Қазақстандағы мұнай кен орын­да­рының басым бөлігі өндірудің соңғы кезеңдерін бастан өткеруде. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру, компаниялар тобының кен орындары да бар. Осыған орай, дәл бүгінгі таңда палеозой кезеңінің түзілімдерінде терең бұрғылау әдісі арқылы ресуртық базаны ұлғайту мәселесі өзектілігін арттырып келеді. Әсіресе, «Қаз­МұнайГаз» Барлау-Өндіру компания­сының геологиялық барлау жұмыс­та­рының негізгі бағыты палеозой ке­зеңі­нің түзілімдері орналасқан Каспий жағалауы мен Маңғыстау бассейні екенін ерекше атап өту қажет.
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесін талдап сараптаудан кейін «Өзен» және «Қаратон» кен орында­рындағы екі бұрғы ұңғымасы таңдалып алынды.
– Зерттелген өңір Маңғыстау орталық Каспий бассейні аймағында ораналасқан. Бізді қызықтырып отырған негізгі объект – палеозой кезеңінің түзбесі. Біз бұрғы ұңғымасын қазу орнын «Өзен» кен орнынан 6 шақырым қашықтықтан таңдадық. Қазір корпоративішілік келісімдерге қол қойылуы тиіс, осыдан кейін біз тұңғыш рет палеозой кезеңінің тү­зілімдерін зерттеуге толық кірісетін боламыз, – деді «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» Басқарма төрағасы Құрманғазы Есқазиев.

Екінші халықаралық мұнай және газ кен орындарын барлау форумының тағы бір спикері ретінде «Ембі­мұ­найгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Жақсыбеков баяндама жасады. Цифрландыру саласының үздіктері қатарындағы компания басшысы компаниядағы жаңа технологиялар жайын ортаға салды.

«Ембімұнайгаз» акционерлік қо­ғамы – отандық мұнай-газ сала­сының негізін қалаушылардың бірі. Былтыр аталған компанияның құрыл­ғанына 95 жыл толды. Осы жыл ішінде Ембіде мұнай-газ өндіру, геологиялық барлау мен мұнай өңдеу саласында үлкен тәжірибе мен білім қоры жинақталған.

– Жыл сайын компания келісім­шарт негізіндегі аймақтарда геоло­гиялық барлау жұмыстарын ұлғайтып келеді. Мысалы, егер 2015 жылы 5 ұңғыма бұрғыланса, 2018 жылы 18 ұңғы бұрғыланған. Осылайша, біз шикізат базасын ұлғайтып келеміз, – деді Ануар Жақсыбеков.

Компания жаңа технологиялардың өндіріске белсенді түрде енгізілуі мен жұмысшылардың біліктілігін көтеру бағытында көп жұмыс атқарып келеді. Аталған кәсіпорын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы құрамында ең бірінші болып, «Цифрлы кен орын» концепциясын енгізді. 2016 жылы «Интеллектуалды кен орын» жобасы «Уаз» шағын кен орнына пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. 2017 жылы аталған жоба Прорва тобы кен орындарына, биыл екі бірдей – «Жаңаталап» – «Жайықмұнайгаз» және «Шығыс Мақат» – «Доссор­мұнайгаз» кен орындарына енгізілді.
Ерекше атап өтетін тағы бір жайт, бүгінгі таңда ірі мұнай-газ компа­нияларында мұнай өндіру үдерісін цифрлауға бағытталған, бір-бірінен жеке дара жұмыс істейтін, бір бағытта тоғыстыруды қажет ететін әртүрлі бағдарламалар, электрондық база мен жүйелер шоғыры бар. «Интел­лектуал­ды кен орын» жобасы осы мәселені шешіп, әртүрлі жүйелердің басын бір ақпараттық орталыққа тоғыстырды.

Өз кезегінде, жүйелердің тоғысуы үлкен көлемдегі ақпараттардың бір ақпарттық жүйеге жиналып, өндірістік үдерісті ары қарай талдау мен сарап­тауға мүмкіндік тудырды. Нәтижесінде, әртүрлі дереккөздегі ақпарат, мәселен қаржылық есептілік құрылғысындағы ақпарат бірыңғай жүйеге тоғытылады, ол өз кезегінде өңделіп, пайдалану­шы­ның қажетіне сәйкес беріліп отырады.
Оған қоса, аталған жүйе планшетке арналған мобильді нұсқаға ие. Мобильді нұсқа корпоративтік жүйе­ден бөлек, құрылғыларда әлемнің
кез келген жерінен интернет арқылы барлық қажетті ақпаратты алып, пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, компанияның топ-менедж­менті үшін аса тиімді. Жедел коор­динация жасайтын жұмысшылар үшін бұрын қолмен толтырылып келген есептілік бүгін автоматты түрде жа­салды. Есептілікті дайындауға жұ­м­салатын уақыт 50 пайызға қысқарды, өнімділік ұлғайды. Осының есебінен компания басшылығы сараптамалық, талдамалық бағытты дамыта түсуге мүмкіндік алды.

Цифрлы технологияларды енгізудің арқасында компания өндіріс тиім­ділігін арттыра түсті. «Уаз» кен орнын­дағы электр энергиясын үнемдеу деңгейі – 35 пайыз, ал жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңдері 500 күнге дейін жетті.

– 2022 жылға арналған бағдарлама бар. Ол бойынша «Ембімұнайгаз» компаниясының, әрине түгелдей емес, бірақ басым бөлігі цифрлы тех­нологияға өтетін болады. Егер біз бұрын бәрін қолмен жасайтын болсақ, бүгін мұндай қажеттілік жоқ. Біз кен орнынан 300 шақырым қашықтықта кеңседе отырып, ұңғыма қалай жұмыс жасап жатыр, оның режимі қандай, қанша мұнай көлемі өтіп жатыр, қаншасы өтпей жатыр, бәрін бақылай аламыз. Сөзсіз, цифрландыру үлкен рөл атақарады. Оған келесі сандар дәлел. 2015 жылдан бастап, кен орнындағы өндіру көлемі 75 мың тоннаға өсті. Биыл жоспар бойынша өндіру көлемі – 55 мың. Бұрын-соңды «Ембімұнайгаз» мұндай деңгейге жетпеген еді, – деп ерекше атап өтті компания басшысы.

Компания басшысы атап өткен 75 мың тонна мұнай – 2015 жыл мен 2018 жыл аралығында өндірілген жиынтық мұнай қоры. Бұл – пайдалану қоры мен жаңа технологияларды енгізу нәти­жесінде орын алған жетістік. Келе­шекте аталған жоба барлық өндірістік бөлім­шелерге толық енгізілетін болады.

– Жүргізіліп жатқан жұмыстар бұрыннан пайдаланылып келе жатқан кен орындарындағы мұнай қорын ұлғайтуға көп септігін тигізді және бұл жұмыс жалғасатын болады. Біздің кен орындардың жасына қарамастан, әлі де мұнай-газ қорының әлеуеті жоғары. Біз бұған үлкен сеніммен қараймыз және жаңа идеялар мен технология­ларға әрдайым ашықпыз, – деді сөз соңында компания басшысы.

Форумның қорытынды жиынында мұнай-газ өндірісінен бөлек, балама энергия көзін пайдалану және оның елімізде даму әлеуеті жайлы да сөз болды.
Айтпақшы, «Мұнай-газ саласын­дағы геологиялық барлау» xалықаралық форумы аясында ұйымдастырылған «Ізбасар» байқауында әріптесіміз «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Прорва кен орындары тобының ІІ дәрежелі инженер-геологы Ербол Жұмағұлов «Геология саласының жас шебері» номинациясының жеңімпазы атанды.

Әсел ШАЙХЫНОВА,
Астана