Астанада Қазақстандағы мұнай қорларын геологиялық барлау мәселесі сөз болды

18 мамыр, 2018

Астанада мұнай және газды геологиялық барлау бойынша екінші халықаралық форум басталды.

Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы ұйымдастырған жиын Энергетика министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитетінің қолдауымен өтіп жатыр. Форумға салалық ведомство басшылары мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес өкілдіктері мен елімізде жұмыс істейтін халықаралық компаниялардың басшылары қатысты.

Халықаралық форумда Қазақстандағы мұнай қорларын геологиялық барлау мәселесі сөз болды. Сонымен қатар отандық ғылыми жаңалықтарды өндіріс тәжірибесіне енгізу, цифрлық геология мен «ақылды» кеніштер жайы да талқыланды. Биылғы форум тақырыбы мұнай-газ қорларын геологиялық барлауды дамытуға әрі елімізде инновациялық технологияларды саралап, осы салаға енгізу жайына арналды.

Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басқарма төрағасы:

- Бүгінгі таңда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниялар тобында өндірілетін қорлардың жеткілікті жиынтығы бар. Алайда ертеректе ашылған кеніштердегі мұнай-газ сарқыла бастады. Сондықтан олардың орнын толтыратын қосымша қордың болғаны дұрыс. Геологиялық барлауға қатысты сараптамадан кейін мамандар екі жобаны таңдап алды. Енді мұнайшылар «Өзен» және «Қаратон» кеніштеріндегі мұнай ұңғымаларында бұрғылау жұмыстарын жүргізеді.

Құрманғазы Есқазиев, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ басқарма төрағасы:

- Зерттелген аудан Маңғышлақ-Каспий бассейнінде орналасқан. Көзделіп отырған негізгі қордың аумағы палеозой қабатында жатыр. Біз «Өзен» кенішінде 6 мың шақырымдық бұрғылау жұмыстарын жүргізетін орынды таңдадық. Қазір ішкі корпоративтік келісімдер дайындалады. Содан кейін біз алғаш рет палеозой қабатын зерттеуге кірісеміз.

Геологиялық барлауға қатысты форум екінші күні де жалғасады. Сарапшылар жаңа кен орындарын іздеу, геологиялық барлау ғылымы секілді тақырыптарды талқыға салады. Мұнай-газ саласындағы проблемаларды шешу жолдарын қарастырады. Мамандар соңғы пленарлық отырыста Қазақстанда баламалы энергия көздерінің даму бағытын да талқылайды.

Авторы: Қанат Базылхан