​Ембі, Альпі мен Дунай ұмытпайды ешқашан...

05 мамыр, 2018

...Бүгін, таңғы сағат 4-те, Кеңес Одағына қандай да бір наразылық білдірмей, соғыс жарияламай, неміс әскерлері шекарамызды шабуылдап,  елімізге басып кірді...

«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы кеңсесінің жанындағы жым-жырт тыныштықта Левитанның дауысы естіліп тұрды. Қаза болғандарды құрметпен еске алу және арада жүрген ардагерлерге алғыс білдіру үшін соғыс аяқталғаннан кейін 73 жыл өткен соң компанияның зейнеткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ауған жауынгерлері мен компания қызметкерлері «Азалы ана» мемориалының жанына жиналды.

- Сіздердің және қайта оралмаған азаматтардың алдында біз өтелмес қарыздармыз, - деп атап өтті ардагерлерді құттықтау салтанаты барысында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Айболат ГАБДУЛЛИН, - Миллион жан мәңгілікке ұрыс даласында қалды, миллиондар тылда жетім, жесір атанды... Соғыстан оралғандар еңбек жолын жалғастырды, экономиканы қалпына келтірді, мемлекетті көтерді. Біз жүрегіміздегі шексіз ризашылықпен ерліктеріңізді мәңгі есте сақтаймыз.

Соғыстың бірінші күндерінің өзінде Ембінің мыңдаған мұнайшысы өз еркімен майданға аттанды. Олардың арасында 97 жастағы майдангер, мұнай өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері Николай СЛАВОВ болды. Ол 1921 жылы Одесса облысы Катаржино ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін теңіз техникумына оқуға түскен, соғыс басталардан бір ай бұрын оны Батыс Украинадағы саперлер батальонына әскерге шақырған. Қызыл әскерлер салынып жатқан аэродромға қызмет көрсетумен айналысқан. Николай Славов үшін соғыс жарақаттанудан басталды. 1941 жылдың 22 маусымы күні таңсәріде солдаттар суға барған сәтте фашистік авиация оғының астында қалды. Сол түні батальон 100 шақырымға артқа шегінуге мәжбүр болды...

Ол Астрахан мен Сталинградтың аэродромдарын күзетті, гитлершілердің тұтқындағы одақтастары итальяндықтар мен испандықтар құрылысын жүргізген Вологдадағы Шексне өзеніндегі айлақ құрылысын бақылады. Электриктер курсын аяқтап, Каспий өңіріндегі Гурьев қаласында орналасқан, ол жылдары «№441 объект» деп аталатын мұнай өңдеу зауытына аттанды. Содан 40 жылдан астам уақыт мұнай өнеркәсібінде маңдай терімен еңбек етті. Сондықтан, Ембі ұжымы оны өздерінің батыры, үлгі тұтар азаматы деп санайды.

Мұнай кәсіпшіліктерінде жұмыс істеуге қалғандардың үлесіне еңбек майданындағы ауыр сынақтар түсті. Соғыс жылдары Ембі мұнайшылары Украина мен Күнгей Кавказда соғыс барысында жоғалған және қираған кәсіпшіліктерді алмастырды. Сол жылдары ұйымдастырылған «майдан» бригадалары майдан қажеттілігіне қара алтынды батырлықпен өндіріп, тәулігіне 13-14 сағаттан жұмыс істеді. Өндірілген Ембі мұнайының жеңіл әрі таза болғандығы сонша, майданда оны танктердің бактарына бірден құйған. Соғыс жылдары КСРО-да өндірілген жағармай материалдарының  80%-ы Ембі мұнайынан жасалған.       

Тыл еңбеккері Борис БЕЛУНИН, 1932 ж.т., Батыс-Қазақстан геологиялық басқармасының аппаратында жұмыс істеп, осы қызметке 50 жылға жуық өмірін арнаған.

-…Мен бұрғылаушы да, шебер де, инженер де болдым. Үстірт, Өзен аралығы, Шымкент, Қызылорда – менің мұнайды іздемеген жерім жоқ, - дейді ардагер. – Бізді бүгін осылай қарсы алып, ілтипат білдіріп жатқанға жаным жадырап, сүйсініп отырмын. Рақмет.

Жауынгер-интернационалист Бейімбет ҮЛКЕНБАЕВТЫҢ соғысқа қатысқан кезеңі 1986 жылдан 1988 жылға дейін жалғасты, қазір ол «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейді, оған да құрмет көрсетілуде...

- Бүгінгі күні көп нәрсе үйреншікті болып қабылданады, бірақ, қазіргі бейбіт өмірге қалай қол жеткізгенімізді жас ұрпақтың есіне салып отыру қажет, - дейді жауынгер-интернационалист. - Қолға қару алуға қызығушылық болмау үшін, бейбіт өмірді бағалай білу үшін біз бүгін «Азалы ана» ескерткішінің жанына жиналдық.

Денсаулық жағдайына байланысты шақыртуды қабылдай алмағандарды да Компания қалыптасқан дәстүр бойынша назардан тыс қалдырмады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Тұраш КӨПТІЛЕУОВТІ, Сәлім ҚАРАБАЕВТЫ, Күлән САБРАЛИЕВАНЫ, Сәлім ШЫНТЕМІРОВТІ, Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫН, Николай АГИЕВТЫ және Тайыр ҒҰМАРОВТЫ «Ембімұнайгаз» басшылары  үйлеріне барып құттықтады. 

…Динамиктерден Жеңіс туралы хабарлаған Левитанның әйгілі дауысы қайта естіледі: 

- Сөйлеп тұрған Москва! Фашистік Германия талқандалды...

Атыраудың бейбіт аспанына аппақ көгершіндер көтерілді, аспанда  қалықтап ұшқан құстарды көруге тырысып, таңырқай ақ шашты бастарын көтерген ақсақалдар күннен бе әлде жанарларына келген жастан ба көздерін сығырайтты...