Жобаларды цифрландыру биікке бастайды

18 сәуір, 2018

Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде компанияның бастамасымен және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына цифрлы технологияларды енгізудің өзекті мәсе­лелеріне арналған халықаралық форум өтті. Форумға салалық министрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қызметкерлері, халық­аралық сарап­шылар және IT саласында қызмет көрсететін компания­лардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қатысты.

– «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне енген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүзеге асырып жатқан «Цифрлы кен алаңы» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу» жобалары мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар болып саналады, – деп баса айтты Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында Уаз кең алаңында «Цифрлы кен алаңы» пилотты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дә­лелдеді. Электр энергиясын қолдану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қорын пайда­лану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтама­сыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірың­ғайланды. Жинақталған тә­жірибеге орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы келетін бірқатар негізгі кен алаңы іріктелді. 2017 жылы ЕМГ-да «Цифрлы кен алаңы» тұжырымдамасы Прорва кен алаңдары тобына да таратылып, биыл «Жайық­мұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңа­талап кен орнына енгізілуде.

– Қазіргі таңда ірі мұнай компания­ларының барлығында дерлік интел­лек­туалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлім­шелері бар. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кең алаңдарын құруға алдағы 5 жылда 1 млрд доллардан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық пікіралмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық цифрлы технологияларды таныстыру мақсатында аталған форумды ұйымдастыруды жөн санадық, – деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.
Форум барысында қатысушы деле­гаттарға 11 баяндама оқылып, таныс­тырыл­ды. Оның ішінде, 8-і – Microsoft, IBM, Schlumberger сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайын­даған жұмыстар. Цифрландыру жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-министрі Б.Ақшолақовтың, халық­аралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшы­ларының қатысуымен пікіралмасу алаңында кеңінен талқыланды.

Серік ӘЛІМЖАН