Цифрлы жүйеге көшуді жеделдету керек

13 сәуір, 2018

Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ-да «Мұнай өндіру үдерісіндегі цифрландыру» тақыры­бында форум өтті. Халықаралық сарапшылар мен ІТ саласы мамандары өз тәжірибелерімен бөліскен форумда еліміздегі «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдар­ламасының маңыз­дылығы және оны мұнай-газ сала­сында қолданысы туралы айтылды.

Ежелгі мұнай өндіруші «Ембімұ­найгаз»АҚ-тың бастамасымен, Ақпарат және коммуникация министрлігі және Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына сандық технология­ларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған форум елімізде цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынған уақытта өтуімен маңызды болды. Форумға салалық министрлік өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшы­лары мен қызметкерлері, халықаралық сарап­шылар және IT саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері, екі жүзге жуық делегат қатысты.

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев­тың форумға сәттілік тілегін жеткізген аймақ басшысының бірінші орынбасары С.Лұқпанов «Мұнай-газ саласында зама­науи цифрландыру жүйесін енгізу уақыт күттірмейді» деп форумға қатысушыларға тараптардың тәжірибелік диалогтары келе­шекте «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масының алғашқы жақсы көрсеткішін көруге себеп боларынан үмітті екенін айтты.

Халықаралық сарапшылар мен жаңа технологияның тілін жетік білетін кәсіби мамандар қатысқан форумда Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов: «Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша мұнай-газ индустриясының компаниялары әртүрлі қызмет түрлерінің қауіпсіздігін, эколо­гиялығы мен үнемділігін жақсартатын техникалық, цифрлы сипаттағы иннова­цияларды енгізуде. Мысалы, жетекші мұнай компаниялары «Интеллектуалдық кен орын» жобасын пайдалануды бастап таратуға кірісті. Мұнай құбырларының инс­пекциясы үшін пилотсыз ұшу аппарат­тарын, суға тұрақты сүңгу және әдетте қымбат көлік құралдарын жұмылдыруды талап ететін суасты жүйелерін техникалық жөндеу мен қызмет көрсетуді орындау үшін батареядан коректенетін роботтарды пайдаланады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тізіміне енген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүзеге асырып жатқан «Сандық кен алаңы» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу» жобалары мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар болып отыр» деп форумға қатысушыларға іскерлік байланыстар орнату және көздеген мақсаттарға табыс тіледі.
Айтарлығы, «Ембімұнайгаз» АҚ-тың базасында «Цифрлы кең алаң» пилотты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлел­деді. Электр энергиясын қолдану 35 пайыз­ға азайды. Ұңғымалар қорын пайдалану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұ­мыстарының көлемі азайып, әр ұңғыма­дағы мұнай өндіру есебі бірың­ғайланды. Жинақталған тәжірибеге орай «Қаз­МұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компания­лар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы келетін бірқатар негізгі кең алаңдары іріктелді.

– Қазіргі таңда ірі мұнай компанияла­рының барлығында дерлік интеллектуалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелері бар. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кең алаңдарын құруға алдағы 5 жылда 1 млрд доллар қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық сандық технологияларды таныстыру мақсатында аталған форумды ұйымдастыруды жөн санадық, – деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ-тың Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.
Бізге мәлім болғандай, «Цифрлы кен алаң» тұжырымдамасы өткен жылы Прорва кен алаңдары тобына да тараты­лып, биыл «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-тің Жаңаталап кен орнына енгізілуде.
Форум барысында қатысушы делегат­тарға мұнай-газ саласында цифрландыру жүйесінің тиімділігі туралы баяндама оқылып, таныстырылды. Оның ішінде көбі – Microsoft, IBM, Schlumbereger және Rockwell Automation сынды компания­лардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энер­гетика вице-министрі Б.Ақшола­қовтың, халықаралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшы­ларының қатысуымен пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды.

«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай Қазақстан мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал экспортқа мұнай екі негізгі маршрут – Каспий Құбыр Консорциумы және Өзен – Атырау – Самара құбыр желілері арқылы шығары­лады. Жалпы, цифрлы технологиялар, отандық мұнай-газ өндірісінің көлемін арттырып, өндеу саласы сапасының артуына мүмкіндік береді. Солай бола тұра, бұл жүйеде қауіп төндіретін жайттар да орын алуы мүмкін. Сондай жағдайда қандай іс-қимылдар жасау керектігі және де басқа да маңызды сауалдарға жауап ретінде халықаралық компания өкілдері, сарапшылар мен ІТ саласында қызмет көрсететін мамандар жан-жақты түсін­діріп, елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының сәтті жүзеге асуына тілек білдірді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы