«Ембімұнайгаз» АҚ мұнайшылары 95 жылдық мерейтойын атап өтті

04 қыркүйек, 2017

khabar.kz

Осы аралықта ембілік мұнайшылар 200 млн тоннадан астам қара алтын өндіріпті.

Жалпы Ембі мұнай бассейні 100 жылдан астам уақыт толассыз өнім беріп келеді. Қазір онда мұнай қоры азайып барады. Сол себепті ембіліктер кәрі кеніштің екінші тынысын ашуды қолға алған. Келер жылдан бастап 6 мың метр тереңдіктен мұнай көзін іздеуді бастамақ.

Бүгінде Ембі мұнай бассейніндегі ұңғыма тереңдігі 1,5-3 мың метр шамасында. «Тұз үсті қабаты» саналатын бұл тереңдіктегі қор азайып барады. Сол себепті мұнайшылар қабат қойнауын кеңірек зерттеуді қолға алмақ.

Шайхан Мұхамедрахимов, «Ембімұнайгаз» АҚ Геологиялық барлау жұмысы департаментінің директоры:

-Қазір геологиялық барлау жұмыстарын бастауға дайынбыз. Келер жылдан бастап 6-7 мың тереңдікті қазып көрмекпіз. Бағдарлама 5 жылға арналған.

Компания өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуден шет қалмайды. 2016 жылы толассыз жауған жаңбыр салдарынан үйсіз қалған азаматтарға көмек ретінде мұнайшылар 1 күндік еңбек ақыларын аударған. Одан басқа 2 тұрғын үй салып берді. Бұл шара алға қарай да жалғасын таппақ.

Әнуар Жақсыбеков, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы:

-Соңғы 4 жылда компания республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд теңге кіріс әкелді. Тек 2016 жылы 81 млрд теңге аудардық. Сондай-ақ өңір инфрақұрылымның дамуына және басқа да қайырымдылық, демеушілік шараларына 3,5 млрд теңге аудардық.

Ембі мұнайшыларының ел экономикасына қосқан үлесі көп. Компания өткен жылы 2,8 млн тонна қара алтын өндірді. Мұнда қазір 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жаңа жобалар жүзеге асса тағы да жүздеген адам жұмыспен қамтылмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев