«Ембімұнайгаз» АҚ-да COVID-19 инфекциясына қарсы шаралар күшейтілді

16 маусым, 2020

COVID-19 пандемиясы басталған кезден «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдауымен «Ембімұнайгаз» АҚ нысандарында инфекцияның таралуын және жұмысшылардың вирус жұқтыру жағдайларын болдырмау мақсатында кәсіпорнымызда тиісті барлық шаралар қолға алынуда. Әр жұмыскердің дене қызуын күн сайын өлшеу жұмыстары жалғасып, компанияның барлық нысандарында санитарлық режим қатаң сақталуда. ЕМГ және мердігер компаниялардың барлық қызметкерлеріне жұмыс орнына кіруге рұқсат алу үшін  COVID-19 ПЦР-тесттен міндетті түрде өтеді және т.б. Қолға алынған кешенді жұмыстардың арқасында пандемия басталған сәттен бастап ағымдағы жылдың маусым айына дейін ЕМГ-нің өндірістік нысандарында қызметкерлердің инфекция жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Аталған кезеңде ЕМГ-нің 3 жұмысшысының вирус жұқтыру жағдайы  жұмысқа шығу үшін міндетті скрининг кезінде анықталды.

Мемлекеттік органдар бекіткен алгоритмге сәйкес, ЕМГ-нің және мердігер мекемелердің қызметкерлері COVID-19 клиникалық белгілері бар жұмысқа жіберілмей, стационарларға орналастырылады. Ал, олармен байланыста болған адамдар карантинге жатқызылады.   

Қолға алынған шараларға қарамастан, ағымдағы жылдың маусым айының басынан Жылыой ауданындағы Терең-Өзек, Қисымбай, Қызылқоға ауданындағы Кенбай кен орындарында  ЕМГ-нің 62 және мердігер компаниялардың 55 қызметкерінде COVID-19 анықталды. Бұған қоса, маусым айында міндетті скрининг кезінде ЕМГ-нің 19 жұмысшысынан вирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Барлық жұмысшылар қажетті ем алу үшін Құлсары және Атырау қалаларындағы жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды. ҚР мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 6.06.2020 ж. бекітілген №39 Қаулысына сәйкес симптомсыз негізде ауырып жатқан жұмысшылар отбасының өзге мүшелерінен өзін оқшаулап, үй карантиніне орналастырылды. Ал, үй жағдайлары оқшаулау талаптарын сақтауға мүмкіндік бермейтін адамдар Атырау қаласының Береке ықшам ауданындағы арнайы жабдықталған үйлерге карантинге жатқызылды. ПЦР тесттері теріс нәтиже көрсеткен жұмысшылар жұмыс орындарында бақылауда.

Аталған мән-жайларды және Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып, компания инфекцияға қарсы шараларды күшейтуде. Барлық нысандарда қатаң санитарлық-дезинфекциялау режимі енгізіліп, профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, компанияның жедел штабы жергілікті атқарушы органдармен және санитарлық қызметтермен тікелей байланыста жұмыс жасауда.

Барлық кен орындарында жұмыс штаттық режимде жүргізіліп келеді. «Жылыоймұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің және аталған өндірістік бөлімшелерде жұмыс істейтін «Ембімұнайэнерго» басқармасы қызметкерлері үшін жұмыс вахтасының мерзімі 14-тен 28 күнге дейін ұзартылды. Жаңа алгоритмге сәйкес вахтаға жіберілген ЕМГ және мердігер мекемелердің барлық жұмысшысы ПЦР-тесттен кейін вирус жұқтыруды болдырмау мақсатында 5 күндік карантинге жатқызылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орталық аппараттың бір бөлігі дистанционды жұмыс режиміне жіберілді. Ал, қызметкерлердің бас кеңсе ғимаратында болу уақыты түскі үзіліссіз сағат 15.00-ге дейін қысқартылды.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.