Ембілік мұнайшылар тағы да көмекке келді

19 мамыр, 2020

«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы «Bizbirgemiz» жалпыхалықтық акцияға қолдау көрсетуді белсенді жалғастыруда. Бұл жолғы көмек су тасқынынан зардап шеккен оңтүстік өңірдің жұртшылығына жолданады. 

Түркістан облысы Мақтарал ауданы тұрғындарының бүгінгі қиын жағдайына біздің ұжым бей-жай қарай алмады.Оларға қолдау көрсету мақсатында ембілік мұнайшылар аз уақыт ішінде өздерінің жалақылары  есебінен 4 миллионға жуық   қаражат жинады. Қаражат «Birgemiz-Atyrau» қоғамдық қоры арқылы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жұмсалмақшы. Ұжым мүшелерінің  қолдауға зәру ағайынға  әрдайым көмек қолын соза білетін қайырымдылығын баса айтқым келеді,- деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары  Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА.

Ембілік мұнайшылардың жалақылары есебінен  жиналған қаражат өзге атыраулықтардың Мақтарал ауданы тұрғындарына жіберетін кезекті гуманитарлық көмегіне қосылады.

Естеріңізге сала кетсек, биыл ембіліктер екі рет «Bizbirgemiz» акциясына үлес қосты. Атырау облыстық әкімшілігінің өтінішіне орай, Компания ұжымы карантин режимі кезінде қазақстандықтарды керекті тұрмыстық техникамен, азық-түлікпен және басқа да аса қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.  Сонымен қатар, ұжым мүшелерінің жеке қаражаты есебінен 1 миллионнан астам қаражат жиналып, карантинге оқшауландырылған медицина қызметкерлері мен полиция мамандарын қолдауға жұмсалған еді. Бұған қосымша, «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы  «Nur Otan»  бастауыш партия ұйымының бастамасымен ұжым мүшелері Атырау облысы Исатай ауданындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетті. Соңғы бес жылда ембіліктер волонтерлік бастамамен  көп балалы, аз қамтылған 21 қазақстандық отбасын баспанамен қамтамасыз етті. 2019 жылдың шілде айында Компания ұжымы «Арыс.Біз біргеміз» республикалық акциясына үлес қосып, Арыс қаласындағы аз қамтылған  отбасыларының 400-ден астам баласын мектеп формасымен қамтыды. Мұндай көмек Атырау облысындағы қала-аудан мектептерінің 70-ке тарта оқушысына да көрсетілген болатын.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

 Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.