Ембідегі фонтан ағысы

15 мамыр, 2020

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) ресурстық базаны ұлғайту жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы Сағидолла Нұржанов кен орнының солтүстік-батыс бөлігінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу барысында табысты нәтижелерге қол жеткізілді.

- Негізінен байырғы кен орындарды игеретін компанияның басым міндеттерінің бірі ресурстық базаны ұлғайту болып табылады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде С.Нұржанов кен орнының бұрғыланбаған бөлігіндегі триас шөгінділерінде 3252-3265 м тереңдікте жаңа өнімді горизонт анықталды. НСВ-11 бағалау ұңғымасын бұрғылау қорытындысы бойынша 9 мм штуцерде   тәулігіне 165 м3 дебитпен сусыз мұнай бұрқағы алынды (мұнайдың үлес салмағы – 0,836 г/см3; газ факторы – 105 м3/м3). Қазіргі уақытта мұнда ұңғыма жұмысының оңтайлы режимін анықтау мақсатында кәсіпшілік-геологиялық және гидродинамикалық зерттеулер кешенін жүргізу арқылы сынақ жұмыстары жалғасуда, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар корлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясы қолданыстағы С.Нұржанов, Кенбай (Шығыс Молдабек учаскесі), Досмұхамбетов, Ботахан және қайта ашылған Батыс Қарасор (1,4 млн.тн)  кен орындарында 14,8 млн. тонна көлемінде қорды балансқа алып, бекітті. Нәтижесінде, ЕМГ мұнайының алынатын қоры 01.01.2020 ж. жағдай бойынша 86,2 млн. тоннаны құрады. Ал өткен жылғы есептік кезеңде - 74,3 млн. тонна болған еді. Сол кезде атап өтілгендей, қор өсіміне байырғы кен орындарын игеруге оңтайлы көзқарас пен жаңа әдістер мен технологияларды қолдана отырып, белсенді барлау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қол жеткізілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс  қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.