Вице-премьердің оң бағасы

15 мамыр, 2020

«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегацияның қатысуымен өткен Атырау облысындағы эпидемиологиялық жағдай жөніндегі жиынға қатысты.

- Елде төтенше жағдай және облыс бойынша карантин жарияланған сәттен бастап «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысшылардың қауіпсіздігі және өндірістік үдерісті үзбеуді қамтамасыз ету мақсатында уақытылы шараларды қабылдады. Компанияда жедел штаб құрылып, кешенді іс-шаралар жасақталып, қабылданды. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын қызметкерлердің саны 1700-ден 1400-ге оңтайландырылып, еңбек вахтасының мерзімі 56 күнге ұзартылды.  Уақытылы қабылданған іс-шаралардың арқасында вахтадағы компания жұмысшылары арасында COVID-19 инфекциясын жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. Елде төтенше жағдайдың аяқталуы мен мемлекеттік органдардың карантин шараларын жеңілдетуіне орай, 11-мамырдан бастап «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдық бөлімшелеріңде Атырау облысының бас санитарлық дәрігерімен келісіліп, бекітілген талаптарды сақтай отырып, вахта ауысымы басталды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, компания қызметін қамтамасыз етудегі бірлескен жұмысы үшін Атырау облысының басшылығына алғысымды білдіремін, - деп атап өтті өз сөзінде Е.Қайыржан.

Жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов «Ембімұнайгаз» АҚ-ның төтенше жағдай мен карантин режим кезінде қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмысына оң баға берді. Жиында аймақта эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ, жұмыс орындарын ашу және   жұмыссыздыққа жол бермеу бағытындағы «Жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалу мәселелері қаралды.