«Ембімұнайгаз» АҚ-да мамандардың вахта ауысуы басталды

13 мамыр, 2020

ҚР-ғы  төтенше жағдай режимінің аяқталуына орай және карантин шектеулерін жеңілдету мақсатындағы мемлекеттік органдар жариялаған шараларға қатысты 11-мамыр күнінен бастап «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерінде бекітілген талаптарды сақтай отырып вахта ауысымы басталды. Төтенше жағдайдың жарияланып оның тоқталғанына дейін өндіріс үдерісін тоқтатпау мақсатында өндірістегі мамандардың вахта уақыты ұзартылып, 56 күн болған еді. Вахта ауысымы қажеттілігі осыған байланысты болып отыр.

Бүгін 2 айлық өндірістегі үздіксіз жұмыстан кейін ембілік мұнайшылар үйлеріне қайтты. Олардың орнына келесі ауысым вахтасы жұмысқа кірісті. Компания басшылығы атынан мұнай-газ өндіру басқармаларының ұжымына, сонымен қатар, мұнайшылардың тамақтануын, тасымалын және медициналық қызметті қамтамасыз еткен барлық мердігер мен сервистік мекемелерге алғыс айтамын. Вахтадағы еңбек кезінде отбасынан, туған-туыстарынан жырақта болған жұмысшылар өндірістік үдерісті тоқтатпау үшін аянбай еңбек етті. Компанияның жедел штабының жұмысын жоғары бағалаймын. Ембінің барлық қызметкерлеріне төтенше жағдай мен карантин кезінде болған шектеулерге түсініпеншілікпен қарағандары үшін ризамын. Жұмысшылардың вахта ауысуы Атырау облысының жедел штабымен және барлық мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстың тиімділігінің нәтижесінде жүзеге асуда,- деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

Компанияда жасақталып, бекітілген және  Атырау облысы бас санитарлық дәрігерімен келісілген талаптарға сай еңбек вахтасына кіретін және вахтаны аяқтаған барлық жұмысшылардың мекенжайы көрсетілген тізім Атырау облысының жедел штабына жолданады. Жұмысшыларды жұмыс орнына және мекенжайларына жеткізуде  «Ембімұнайгаз» АҚ санитарлық нормаларды сақтай отырып, тасымалды ұйымдастыруда. Еңбек вахтасына кіретін жұмысшылар үшін  коронавирус инфекциясын болдырмау мақсатында  ПЦР – тесттік анализін тапсыру ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда Компанияның 1 120 жұмысшысы ПЦР – сынағынан өтті. Компания аумағына кіретін барлық мердігер мен қызмет көрсететін мекемелердің қызметкерлерінің де тесттік сынақтан өтуі міндетті. Мамандарды тесттік сынақтан өткізу шарасы графикке сай Атырау қаласы мен Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы «Олимп» диагностикалық зертханасында дистанциондық талапқа сай жүргізілуде. Өндірістік  құрылымдық бөлімшелердің жұмысшыларын кең қамту үшін жылжымалы зертхана Аққыстау ауылы, Мақат, Доссор кенттерінде және Жамансор стансасында ұйымдастырылуда.

«Ембімұнайгаз» АҚ-да жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс үдерістерін тоқтатпау  мақсатында кешенді шаралар жоспары жасақталып, Атырау облысының жедел штабы мен мемлекеттік органдармен тығыз байланыстағы бірлескен жұмысты жалғастыруда.

«Ембімұнайгаз» АҚ-да қолданыстағы шектеулердің аясында  өндірістік жиналыстар азайтылып, барлығы бейнеконференция форматында жүргізілуде. Мердігер және өзге мекемелер  өкілдерінің компания нысандарына кіруіне шектеу қойылды. Барлық жұмысшылар жеке сақтандыру құралдарымен қамтылды.  Компанияның ғимараттарына  кірерде мамандар міндетті түрде техникалық тепловизорлардың көмегімен дене қызуынан тексеруден өтеді. Барлық нысандар дезинфикциялау сұйықтықтарымен қамтылған. Кеңсе және өндірістік нысандарда күніне екі рет санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Жұмысшыларды тасымалдайтын көліктер әр рейстен кейін дезинфикцияланады. Мұнайшылар асханаларында топтасу болмас үшін тамақтану мерзімі ұзартылды.

Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.