Ембіліктер «Nur Otan» партиясымен бірге

29 қаңтар, 2020

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Атырау облысына арналған жұмыс сапары аясында «Ембімұнайгаз» АҚ-на  (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) қарасты «Доссормұнайгаз» МГӨБ-да болып, басқармадағы бастауыш партия ұйымының (БПҰ) мүшелерімен жолығып, БПҰ алдағы жұмыс жоспарларымен танысты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті қызметкерлерді үздіксіз оқытумен қатар қазақстандықтар мен шетелдік жұмысшыларға төленер жалақының теңсіздігін болдырмау туралы тиісті бұйрығы бар. Шетелдік жұмысшыларды тарту квотасы былтырғы жылмен салыстырғанда 40 пайызға қысқарды. Партия мұнай-газ саласын келешекте әрі дамыту, ауыл, соның ішінде шалғай елді мекендер тұрғындарының жағдайын жақсарту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп отыр,  - деп атап өтті өз сөзінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек.

Доссорлық мұнайшылармен кездесуден соң кейін бірден «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары басқарма ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдау кезінде мақаттықтар жергілікті денсаулық сақтау саласының жұмысын және тәртіп мәселесін жақсарту барысындағы өзіндік ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Қазіргі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ қарасты басқармаларда 5 бастауыш партия ұйымы бар. Бес мыңға жуық ембілік мұнайшылардың 50 пайызы – нұротандықтар. Әр өңірде орналасқан Бастауыш партия ұйымдарындағы мүшелерінің араласуымен көптеген әлеуметтік-қайырымдылық жобалар, жас мамандар мен ембілік ардагерлердің қатысымен көптеген шаралар жүзеге асып жүр.

«Ембімұнайгаз»  АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

БАҚ-пен байланыс үшін:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылға дейінгі аралықта республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трл     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.