Ембіде поэзия сайысы қорытындыланды

11 қазан, 2019

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) акт залында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, «Қазақ поэзиясының падишасы» атанған Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия кештері» сайысының қорытынды шарасы өтті.

Ақынды еске алу мақсатында ұйымдастырылған концертте ақынның өмір кезеңдерін бейнелейтін бейнероликтер көрсетіліп, өлең шумақтарынан үзінділер оқылды. Ал, ақын бейнесін сомдаған Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының артисі Ғазиза Алипова мен облыстық байқаулардың жеңімпазы, талантты жерлесіміз Мөлдір Мақсоттың және кішкентай бүлдіршін Кәусар Жоламанның өнеріне көрермендер ерекше тәнті болды.  

- Бұған дейін өндірісте поэзия кештері өтіп, көптеген таланттарымыздың бар екендігіне көзіміз жетті. Қазан айының 31-і күні Мәскеу қаласында Ресейдегі драма театрында Қазақстан Республикасы елшілігінің ықпалымен «Фариза» спектаклі сахналанбақ. Сайыс жеңімпаздарына аталған спектакльге жолдаманы сыйға тартқалы отырмыз, - деді «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА.

Айта кетсек, бұған дейін компанияға қарасты барлық өндірістік-құрылымдық бөлімшелер мен орталық басқару аппараты қызметкерлерінің арасында «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының ұйымдастыруымен өткен поэзия сайысында  топ жарғандар  – Мәулен  Мұхамбеталиев («Қайнармұнайгаз» МГӨБ), Айнагүл Гумарова («Ембімұнайэнерго» басқармасы), Жұмабек Геннадиев («Жылыоймұнайгаз» МГӨБ), Жарқын Темеев («Жайықмұнайгаз» МГӨБ) осы шарада да көрермендерге өнерлерін паш етті.

Шара барысында сайысқа қазылық еткен ақын қыздар – Гүлзада Ниетқалиева мен Сәулеш Шәтенова ембілік мұнайшыларға арнаған өлеңдерін оқыды. Поэзия кеші Фариза ақынның сөзіне жазылған «Жайықтың толқындары» әнін орындаумен қорытындыланды.   

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.