Ембіліктер – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының үздік мұнайшылар қатарында

17 қыркүйек, 2019

       Тамыздың 30-ы мен қыркүйектің 4-і күндері аралығында Татарстанның Альментьевск қаласында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы (бұдан әрі ҚМГ ҰК) компаниялары тобы арасында «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауының ІІІ кезеңі өтіп, жеңімпаздар анықталды. Байқау қорытындысымен ембіліктер 18 номинация ішінен 5 аталым бойынша жүлдегер атанды.

       Аталған байқауға ембілік 18 мұнайшы қатысып келді. Айта кетейік, олардың барлығы жуырда «Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Балғымбаев кен алаңында өткен аталған байқаудың ІІ тур кезеңінде жеңіске жетіп, шешуші турға жолдама алған болатын.

       - Жуырда еліміз Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойын атап өтті. Мемлекетіміздің бүгінгі жеткен жетістіктері мен экономикасының дамуында мұнайшылардың үлесі зор. Үздік жұмысшылар бас қосқан байқауда топ жарып, Ембінің мәртебесін арттырғандарыңыз үшін Компания басшылығы мен ұжымның атынан алғыс айтамын, - деп атап өтті ембілік мұнайшыларды қабылдауында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.

       «Доссормұнайгаз» МГӨБ №1 Қарсақ мұнай өндіру цехы бригадасының технологиялық қондырғылар операторы Асылбек КУШЕКЕНОВ пен «Ембімұнайэнерго» басқармасы «Жайық» электр торабының жөндеу және қызмет көрсету электр монтері Әлібек ТУЛЕПОВ  жүлделі І орынды иеленді.  

       «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай мұнай-газ өндіру цехының операторы Ерболат ЖҰМАҒАЛИЕВ пен қабат қысымын сақтау операторы Берекет ЕЛЕУЛИЕВ ІІ орынды еншіледі.

       Ал, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнайды дайындау және айдау цехының тауарлы операторы Арслан ДЖИЕНАЛИЕВ пен оның көмекшісі Азамат ДЖУМАШЕВ ІІІ орынға қол жеткізді.

       Кездесу барысында ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры Гүлбану Шарафетдинова аталған байқауға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның 26 еншілес кәсіпорнынан мұнайшылар бақ сынасқандығын, соның ішінде, ембіліктер жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

       Компанияның жұмысшыларды ынталандыру жөніндегі ережесіне сәйкес Басқарма төрағасының бұйрығымен І орын иегерлерінің жалақысына – 30, ІІ орын иегерлеріне – 20 және ІІІ орын иегерлеріне жыл бойына 10 пайыздық үстемеақы қосылатын болады.

       Сонымен қатар, Басқарма төрағасы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бас инженері Қайнар Қодановты Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай ҚР Энергетика министрлігінің «ҚР мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. 

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.