Кенбайдағы қос мерейтой

31 тамыз, 2019

      «Ембімұнайгаз» АҚ –на (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) қарасты «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының (МГӨБ) Кенбай кен алаңында Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Шығыс Молдабек кен алаңының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Компания басшылығы, ардагер-мұнайшылар, Мұқыр, Сағыз ауылдық округінің басшылығы және басқарма басшылығы мен ұжымы қатысты.

      - Компания Ембі өндірісін нығайту мақсатында көптеген жобаларды іске қосты. Соның бірі Қызылқоға ауданының аумағындағы Тайсойған әскери полигонның бір бөлігі мемлекет тарапынан компанияға берілді.  Бұл аумақта орналасқан  Шығыс Уаз және Солтүстік Уаз кеніштерінің  5600 шақырым аумағында  3Д-МОГТ сейсмикалық барлау жұмыстары жүруде. Ұлттық компания бойынша мұндай ауқымды жұмыстарды бұған дейін бірде-бір компания жүргізген емес, - деп атап өтті салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған ЕМГ Басқарма төрағасының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Қайрат ӘДІЛБЕКОВ.

      Салтанатты шарада Қазақстан Респулбикасының мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлестері үшін жекелеген мұнайшылар «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ  Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, табысты еңбектерімен топ жарған мұнайшылар және  Ембі өндірісінің дамуына зор үлес қосқан бір топ ардагер-мұнайшылар Қазақстан мұнайының 120 жылдығы төсбелгісіне ие болды. 

      «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-да   қос мерекеге орай цехаралық спорттың бірнеше түрінен сайыс ұйымдастырған. Аталмыш шара кезінде басқарма басшысының бас инженері Нұрлыбек Мұқанов жеңімпаз цех ұжымдарын спорттағы  табыстарымен құттықтап, арнайы дипломмен және  ақшалай сыйлықпен марапаттады.

      «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Шығыс Молдабек кен алаңының игеріле бастағанына биыл 20 жыл толды.  Шығыс Молдабек кен орнында алғаш рет полимерлі суландыру жүйесі енгізілуде.  Аталмыш жобаның мақсаты – мұнайды шығару коэффициентін арттыру, сулану деңгейінің тұрақтылығы және мұнай өндіру көлемін арттыру. Қазіргі уақытта осы кен орнындағы өндірілетін мұнайдың қоры 20 миллион тоннадан асады.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.