Прорвада алғашқы күкірт өткізілді

29 тамыз, 2019

      2019 жылғы 27-29 тамыз күндері аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) республикалық және облыстық БАҚ, интернет порталдары өкілдеріне және блогерлерге арналған баспасөз-туры өтті.

      Баспасөз-турының алғашқы күні журналистерге Компанияның интерактивті мұражайы мен Өндірістік процесті жедел басқару орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ, компания басшылығымен кездесу өтті.

- Компания қызметкерлерінің сапалы жұмысының арқасында соңғы 4 жылда мұнай өндіру көлемі артып келеді - 2 млн 820 мың тоннадан 2 млн 895 мың тоннаға дейін өсім бар. Бұл нәтижеге ескі кен орындарында игеру жұмыстарын оңтайландыру, жаңа ұңғыларды бұрғылау, ұңғыларды күрделі жөндеу, жаңа технологияларды енгізу, заманауи мұнай кәсіпшілігі қондырғыларын жаңарту арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осылайша, компания өз миссиясын – бас акционер «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-на табыс әкелуге және бес мыңдай ұжымын тұрақтылықпен қамтуға мүмкіндік алып отыр, - деп атап өтті баспасөз-турына қатысушыларымен кездесуде ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.

      Кездесу барысында журналистер мен блогерлерге ЕМГ-нің тарихи ластанған жерлерді жою, ілеспе газды залалсыздандыру, қалдықтарды жою, ағын суларды тазартып, екінші рет пайдалану бағытындағы жұмыстары таныстырылды.

      - Мұнаймен ластанған жерлерді тазартудың 5 жылдық жоспарын іске асыру аясында 2022 жылға дейін Компания таулы учаскелеріндегі тарихи ластануды биомедимитация әдісімен, яғни, қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмай толығымен аяқтауды жоспарлап отыр. Жағалаудағы және сулы экожүйеге әсерден қорғау мақсатында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің Прорва кен алаңы аумағындағы қорғаныс бөгеттерін күшейту, сондай-ақ, Тәжіғал кен орнында консервациядағы суға кеткен ұңғыларға мониторинг жүргізу жұмыстары жасалуда. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында тазарту құрылыстарын жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта тазартылған тұрмыстық ағынды  сулар ЕМГ-нің әлеуметтік және өндірістік нысандарындағы жасыл алаңдарды суару үшін қолданылады. Компания қоршаған ортаға жағымсыз әсерді азайту, экологиялық қауіпсіздікті арттыру және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану үшін халықаралық компаниялар қолданатын жаңа тәсілдерді белсенді түрде енгізіп келеді. Биылғы жылы «Ембімұнайгаз» АҚ Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) және КРЕОН тобы ҚР Энергетика министрлігінің және БҰҰ-ның Орталық Азиядағы қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (UNEP-СА) қолдауымен жүргізілген Қазақстандағы экологиялық жауапкершілігі бойынша түзілген мұнай-газ саласындағы компанияларының рейтингісінде үшінші орынды еншілеуі тектен тек емес, - деді ЕМГ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Ильяс САРЫБЕКОВ. 

Компания басшысымен кездесуде журналистер мен блогерлер өздерінің кез келген сұрағына толыққанды жауап алды.

      Баспасөз-турының екінші күні Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің Прорва кен алаңдары тобындағы нысандарды аралаумен жалғасты. Баспасөз-турына қатысушылар аталған МГӨБ-нің өндірістік қызметімен, мұнайды дайындау және айдау пунктінің, интеллектуалды ұңғымалардың, Ілеспе газды дайындау қондырғысының (бұдан әрі Қондырғы) жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда бұл жылдық қуаты 150 млн. текше метр болатын  ЕМГ-дегі ең ірі Ілеспе газды дайындау қондырғысы саналады. Аталған қондырғыда Прорва кен алаңдары тобында мұнай өндіру нәтижесінде алынған мұнайдың ілеспе газы  күкіртті сутектен тазартылып, тауарлы өнім алынады. Атап айтсақ, олар – тауарлы газ, тауарлы түйіршікті күкірт, тұрақты газ конденсаты.

      - Қазақстандық экологиялық заңнамаға сәйкес мұнай өндіру нәтижесінде алынған мұнайдың ілеспе газы міндетті түрде залалсыздандырылуы керек. Аталған Қондырғыны іске қосу факелдерде газды жағуды мүлдем тоқтатуға мүмкіндік берді. Газды дайындау процесі толығымен автоматтандырылған және төтенше жағдайлардан  қорғауды қамтамасыз етеді.  Қондырғыда қолданылатын Merichem LO-CAT газды қайта өңдеу технологиясы экологиялық тұрғыда қауіпсіз және күкіртсутекті жоюды жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді. Қондырғыдан шыққан тауарлы газ «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистральды газ құбыры арқылы «КазТрансГаз» АҚ жүйесіне түседі.  2018 жылы Қондырғыда 147 млн. текше метрге жуық газ өңделіп,  оның ішінде, 98 млн. текше метр газ өткізілді. Ал, жеке қолданысқа 34 млн. текше метр газ жұмсалды. 4 мың тоннадан астам газ конденсаты өндірілді. Өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылғаннан бері Қондырғыда 350 тоннадан астам түйіршікті күкірт өндірілді, оның шамамен 250 тоннасы тапсырыс берушілерге жөнелтілді, - деді баспасөз-туры кезінде ЕМГ энергетикамен қамту және газ шаруашылығы жқніндегі басқарушы директорЫ Бауыржан СЕЙТҚАЗИЕВ.

Бұған қоса, қазіргі таңда Компанияда Шығыс Мақат және С.Балғымбаев кен алаңдарында қосымша екі ілеспе газды пдайындау қондырғысы жұмыс жасауда. Бұл нысандар Атырау облысының үш: Исатай, Қызылқоға және Мақат аудандары тұрғындарын табиғи газбен қамтып отыр.

      Прорва кен алаңдары тобына сапар барысында баспасөз-турына қатысушылар «Каспий самалы» вахталық поселкесінде болып, мұнайшылардың тұрмыстық жағдайымен, демалатын және тамақтанатын орындарымен танысты.

Баспасөз-турының соңғы күні журналистер мен блогерлер Компания басшылығы және ардагерлерімен бірге ЕМГ-нің келісімшарт аумағындағы сонау 1899 жылы алғаш мұнай бұрқағы атқылаған тарихи №7 ұңғыма орналасқан Қарашүңгіл жерінде болып, жаңартылған ескерткіш тұғырдың ашылуына қатысты.

Айта кетейік, биыл тарихи бастауын ембілік кен алаңдарынан алатын Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойы тойлануда.

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі

 Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.