ЭРУДИЦИЯЛЫ ЖАС МҰНАЙШЫЛАР СЫНҒА ТҮСТІ

19 шілде, 2019

2019 жылдың 17-шілдесінде «Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) қарасты «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің Прорва кен алаңындағы «Каспий самалы» вахталық қалашығында Компания тарихында тұңғыш рет жас мұнайшылар арасында «Брейн-ринг» интеллектуалды ойыны өтті. Аталған білім байқауына Орталық басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелерден (бұдан әрі - ӨҚБ) барлығы 7 командадан 45-ке жуық жас маман қатысты.

- Жоғары және орта оқу орындарында Дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру арқылы Компания мұнай-газ саласында білікті мамандарды даярлауға сүбелі үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, Компания жас мамандардың бойында патриоттықты қалыптастыруға және тұлғалық дамуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға  баса назар аударуда. Осыған орай биыл Жастар жылында Қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған бірқтар шаралар жастарға арналып отыр. Олардың қатарында, спорттық, интеллектуалдық жарыстар және мәдени-көпшілік шаралар бар, - ойынның ашылу салтанатында әлеуметтік саясат және инфрақұрылымдық нысандарды басқару департаментінің директоры Бибоз ШАЯХМЕТОВ.

Ойын екі кезеңде өтті. Жас мамандардың ұшқырлығы мен білімі сынға түскен сайыста жүлделі бірінші орынды «Brain storm» («Жайықмұнайгаз» МГӨБ) командасы қанжығалады. Ал, 2-орынды «Barrel» («Доссормұнайгаз» МГӨБ) иеленсе, 3-орын «Energy» («Ембімұнайэнерго» басқармасы) командасына бұйырды. Сонымен қатар, жарыс қорытындысы бойынша «Үздік ойыншы» номинациясы «Black gold» («Қайнармұнайгаз» МГӨБ) командасының ойыншысы Әли Бексейітовке және «Үздік капитан» номинациясы «Energy» («Ембімұнайэнерго» басқармасы) командасының капитаны Жайнагүл Әбішқалиқызына берілді.

Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен жеңімпаздарға сертификаттар, сыйлықтар және кубоктар табыс етілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.