Ембілік мұнайшылар арыстық 400-ден астам баланы киіммен қамтыды

22 шілде, 2019

Атырау облысындағы отандық мұнай өндіруші компания «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі - ЕМГ немесе Компания) қызметкерлері «Арыс. Біз біргеміз» республикалық акцияға үн қосып, жалақылары есебінен қаражат жинады. Жиналған қаражатқа Түркістан облысы Арыс қаласының бүлдіршіндерін қолдау мақсатында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Қайырымдылық шарасына жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары, қала басшылығы мен ақпарат өкілдері қатысты. Шара кезінде Арыс қаласындағы әлеуметтік көмекке мұқтаж 400-ден астам балаға «Мектепке жол» бағдарламасына орай мектеп киім- кешектері тарту етілді.

Салтанаттты жиынға жергілікті тұрғындар, қала басшылығы мен БАҚ өкілдері қатысты.

⁃ Барлық ата-аналардың атынан әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына қолдау көрсетіп, «Мектепке жол» ациясының жүзеге асуына биыл алғашқы болып үлес қосқан Ембі мұнайшыларына алғысымды білдіремінАрыс қаласы бойынша 20 мың мектеп оқушысының 1843-і әлеуметтік көмекке мұқтаж. Бүгін осы оқушылар арасынан бастауыш сыныптың 400-ден астам оқушысына мектептік киім-кешектен көмек көрсетіліп жатыр, - Арыс қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әбдіхан МҰСАЕВ.

«Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының қайырымдылық-демеушілік шараларын тұрақты ұйымдастырып келе жатқанын атап  өткен жөн. 2015 жылы ЕМГ қызметкерлерінің жалақысы есебінен жиналған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Атырау қаласындағы 4 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылғызілікті бір қарияға жаңа баспана салынып берілсе,  2016 жылы Атырау қаласындағы балаларының екеуі ауыр дертке шалдыққан көп балалы отбасыға жаңа баспана салынды. 2018 жылы ембіліктер қатты нөсерден зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына да қолдау көрсетіп, бір күндік жалақылары есебінен қаражат жинап, оған   облыстағы  Малеевск, Зубовск, Зырян қаласының шеткі мөлтек аудандарындағы баспанасы жөндеуге келмейтін жанұяларға 7 баспана тарту еткен болатын.

Биыл ЕМГ Басқарма төрағасы Ә.ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ бастамасымен ембілік мұнайшылар бір күндік жалақыларын жинап, Рамазан айы қарсаңында   Атырау облысындағы  Құрманғазы, Исатай, Мақат, Жылыой, Қызылқоға аудандарындағы баспанасыз, көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған сегіз отбасыға   8 баспананың кілтін табыс еткен болатын.

Бұл жолғы көмек арыстық мектеп оқушыларына арналды. Қаладағы 40 мектептің арасынан жарылыстан бүлінген 16 мектептің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына арнап көмек ұйымдастырылды.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.