Ембіде «Ашық есік күні» шарасы өтті

28 маусым, 2019

«Ембімұнайгаз» АҚ Орталық кеңсесінде ардагерлерге арналып «Ашық есік күні» шарасы  өтті. Оған Ембі кен алаңдарында ұзақ жылдар еңбек етіп, отандық мұнай өндіруші компанияның қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан бір топ ардагер-мұнайшылар шақырылды. 

«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының ұсынысымен болған шарада ардагер-мұнайшылар Компанияның интерактивтік мұражайы мен Өндіріс процестерін жедел басқару орталығында болып, ұжымның соңғы жаңалықтарымен танысты. Ардагерлер алдында сөз алған Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан  Балжанов майталман мұнайшылардың еңбектерін жоғары бағалап, шараның мақсатына тоқталды.  

  • Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» АҚ-да бірнеше мұнайшылар әулеттері қалыптасты. Тарихқа көз салсақ, Ембі өндірісінің қалыптасып, әр кезеңдердегі  даму көрсеткіштерінде  ардагерлеріміздің зор үлесі барын біз әрқашанда зор мақтанышпен, сыйластықпен айтып отырамыз. Ардагерлерге құрмет көрсету біздің қасиетті борышымыз. Тарихымызды, өткенімізіді ұмытпау, үлкенді, қарттарымызды  сыйлау және оларға қамқорлық жасау –  бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Ашық есік күні» шарасының мақсаты,-деп атап өтті өз сөзінде Бауыржан БАЛЖАНОВ. 

Ардагер-мұнайшылар кездесу ұйымдастырған Компания басшылығына алғыстарын айтып, ұжымның қол жеткізген табыстарына ризашылықтарын білдірді. Ембі өңірінің ертеңіне толағай табыстар тіледі.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жыл аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.