Ерлік ешқашан ұмытылмайды

13 мамыр, 2019

Жеңіс күні қарсаңында Ембі мұнайшылары атаулы мерекеге орай бірқатар шаралар ұйымдастырды. 

Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған шаралар «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) қызметкерлері өз ардагерлерінің денсаулықтарын сақтауға бағытталған акциядан бастады. Бұл жолы ембіліктер «Интертич»  мердігер мекемесінің қызметкерлерімен бірігіп, ардагерлердің үйлеріне барып, медициналық тексеруден өткізді, сондай-ақ, қан қысымын тексеретін құралдарды сыйға тартты. Айта кетсек, бүгінгі таңда Компания ардагерлердің еміне және дәрі-дәрмекке жұмсаған қаражаттарын толық өтеп келеді. 

Айтулы мереке қарсағында ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ Атырау қаласындағы қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар үйінде жұбайымен бірге мекен ететін ҰОС ардагері Николай Славовты құттықтады. Биыл ардагер 98 жасқа келді. Ол соғысқа   20 жастағы жасөспірім жігіт шағында қызыл әскерлер аэродром салып жатқан Батыс Украина жерінде кірді.  Ауыр жарақаттан соң, Н.Славов Астрахань, Сталинград аэродромдарын қорғауға, Вологдадағы Шексне өзенінің айлағын бақылауға, ал, электрик курсын бітірген соң Каспий маңындағы қала Гурьевтегі мұнай өңдеу зауытының құрылысына араласады. Николай Николаевич ЕМГ өндірістік-құрылымдық бөлімшесі - «Ембімұнайэнер го» басқармасынан Құрметті еңбек демалысына шығады. 

- Сіздердің ерліктеріңіз бен қаһармандылықтарыңыздың арқасында бүгін біз туған жерімізде  өмір сүріп, еңбек етуге, ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа бағыт жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Компания ұжымы атынан сіздерге Жеңіс үшін шексіз алғыс айтамын. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін,- деп Компания басшысы құттықауын жеткізді.   

Н.Славов  жұбайы Людмила  Петровна екеуі әркез қолдау білдіріп, әлеуметтік қамқорлыққа алған ЕМГ басшылығына алғыстарын білдіріп, ҰОС ардагері «ешкім ешқашанда соғыс қасіретін тартпасын» деген тілегін арнады. 

Айтулы мереке қарсаңында Компания басшылығы соғыс ардагерлері- Тайыр ГУМАРОВ, Тұраш КӨПТІЛЕУОВ, Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫ мен Күлән Сабралиевалардың шаңырағында болып, мейраммен құттықтады. Ардагерлердің әрқайсысына  жеміс-жидек пен тәттілер салынған себет пен 200 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық тарту етілді. 

Жыл сайынғы дәстүрге сай мұнайшылар соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында Компания аумағындағы «Азалы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биыл да бұл шараға ардагерлер, тыл еңбеккерлері, жауынгер-интернационалистер және Компания ұжымы қатысты.  

- Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық жауынгерлер майдан даласында ерен ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Тыл еңбеккерлерімен қатар, майданды таза, еш өңдеусіз әскери танктер бактарына бірден құйылған «қара алтынмен» үздіксіз қамтамасыз етіп отырған ембілік мұнайшылардың Жеңісті жақындатуға қосқан   үлестері зор. Доссор, Мақат, Байшонас, Қаратон және басұа де кеніштердің мұнайшылары күн сайын тәулігіне 12-13 сағат бойы жұмыс жасап, мемлекет пен майдан алдындағы борыштарын толығымен өтеді  Соғыс жылдары үш кен орны ашылды. Ұлы Отан соғысы шежіресінде қазақстандықтардың ерліктері алтын әріптермен жазылып, сақталары анық, - деді құттықтау сөзінде Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ. 

Дәстүр бойынша шараға қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, «Азалы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара мерекелік дастарханмен жалғасты. Ал, 9 мамыр күні Ембі мұнайшылары Жеңіс саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою жалпықалалық шарасына қатысты. 

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.