Ембіліктер цифрландыру жөніндегі симпозиумға қатысты

12 сәуір, 2019

SPE (Society of Petroleum Engineers) мұнай-газ саласы инженерлер қоғамының Атырау бөлімшесі ұйымдастырған мұнай-газ кәсіпшілігін цифрландыру» тақырыбындағы симпозиумда «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) қызметкерлері Компанияда цифрландыру жұмысын дамыту және «Интеллектуалды кен алаңы» жүйесін тарату бағытындағы жұмыстары тәжірибесімен бөлісті.  

ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ алғысөзінде отандық өндіру компанияларының ішінде ЕМГ алғашқылардың бірі болып 2016 жылы «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-не қарасты Уаз кен алаңында «Интеллектуалды кен алаңы» пилотты жобасын іске асыра бастағанын атап өтті.  Жоба өз тиімділігін көрсетіп, «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына қосылды. Кейін өзге кен алаңдарына таратыла бастады. Атап айтсақ, 2017 жылы жоба Прорва кен алаңдары тобына, 2018 жылы Жаңаталап, Шығыс Мақат кен алаңдарына таратылды. 2024 жылға дейін «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 10 кен алаңы сандық жүйеге көшіріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Өндірістік процесті бақылау орталығын да дамыту жоспарда бар.

Бұл жоба – компанияның барлық қызметкерлерінің – геологтардың, өндірістік жұмысшылардың, экономистердің және т.б. ұжымдық еңбегінің жемісі. Біріккен жұмыстың арқасында барлық ақпарат бір базаға құйылды, - деді Ә.Жақсыбеков.

Шараның панельді отырысында ЕМГ өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Болат НСАНБАЕВ симпозиумға қатысушылардың экономиканың қазіргі секторындағы жаһандық үрдістер кезінде елімізде мұнай өндіруді цифрландыру жүйесін дамытудың ерекшеліктері туралы сауалдарына жауап берді.

Аталған шараға Компанияның басшылары, өндірісті автоматтандыру және ақпараттық технологиялар, келешекте дамыту, геология және кен орындарын игеру департаменттерінің, қауіпсіздік қызметі және мобилизациялық қызметінің мамандары, IT-қызметкерлер мен мұнай-газ өндіру басқармаларының өндіріс саласының жұмысшылары қатысты. 

 

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жыл аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.