Жұмысшыларға – тұрақтылық, акционерлерге – тиімділік

13 наурыз, 2019

Кеше, 12 наурыз күні Атырау қаласына сапары аясында «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың және Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың аймақтың кәсіпкерлік ұйымдар басшыларымен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Г.Әбдіхалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын қолдау және кірісті көбейту, табысы төмен тұрғындардың тұрғын-үй, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мәселелерін шешу, аймақтардың кешенді дамуы бағытында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға негізделген мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде айтып өтті. Ал, министр Б.Сапарбаев өз сөзінде Атырау облысы бойынша жұмыспен қамту көрсеткіштеріне тоқталып, кәсіпорындарда Ұжымдық шарттың енгізілуі, еңбекақы берешектері т.б. мәселелерді көтеріп, ірі және орта бизнес өкілдеріне еңбек шарттары бойынша қазақстандық жұмысшылардың құқығын бұзу фактілеріне жол берілмеуі керектігін жіті назарда ұстауды тапсырды.

- 1922 жылы құрылған  «Ембімұнайгаз» АҚ өнім өндірумен қатар, әлеуметтік салаға ерекше мән беретін отандық кәсіпорын болып саналады. Жұмысшыларға тұрақтылық пен акционерлерге тиімділікті қамтамасыз ету үшін бұл бағыттар компанияның миссиясы мен өндірістік қызметтерінде айқын көрініс тапқан. Компанияның негізгі құндылығы – жұмысшылардың өмірлері мен денсаулықтарын сақтауды қамтамасыз ету. 2018 жылы өлім мен апаттық жағдайлар бойынша Компания нөлдік көрсеткішке қол жеткізді.

2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жыл аралығында салық төлемдері ретінде 897,1 млрд. теңгеден астам, соның ішінде, 2018 жылы 199,2 млрд теңге қаражат аударылды. Аталған кезеңде өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден (соның ішінде, 2018 жылы – 1,9 млрд теңге) астам қаражат аударылды, - деп атап өтті өз сөзінде Компанияның Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ. Сондай-ақ, Компания басшысы кәсіпорынның мемлекет пен жергілікті ұйымдар алдындағы жауапкершілігі және ЕМГ жұмысшыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар жайында кеңінен айтып өтті.  

Соңғы жылдары демеушілік және қайырымдылық қолдау шаралары аясында ЕМГ 170-тен астам қоғамдық ұйым мен жеке тұлғаларға көмек көрсетті. Атап айтсақ, шетелдерде дереу ем алып, оңалту щараларын қажет еткен онкологиялық дертке, церебральды сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға көмек көрсетті. Компания жыл сайын өз ардагерлерін қолдау мақсатында мерекелік күндерде қаражат аударса, сондай-ақ, газет-журналдарға жазылу,  емдеу-демалыс орталықтарына жолдама және дәрі-дәрмек  шығындарын өтейді.

Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу бағдарламасы шеңберінде оператор, ұңғымаларды жерасты жөндеу машинисі, агрегат машинисі, электр дәнекерлеуші сияқты ауыр жұмысқа жататын мамандық иелері 58 жастан бастап зейнеткерлікке шығып, ай сайын 5 жылға дейін жалақысының 48%-50%-ын   алып отырады. Бағдарлама ұзақ жылдар Ембі өндірісінде еңбек еткен жұмысшыларды қолдау мақсатында жасақталған. 2014-2018 жылдар аралығында 237 жұмысшы бағдарлама шарттары бойынша мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шыққан, оның 213-і – ерлер, 24-і – әйелдер. 

Компанияда Дуалды оқыту бағдарламасы жүзеге асқан 3 жыл ішінде Ембінің өндірістік нысандарында 93 студент дайындықтан өтіп, соның ішінде, тестілеу қорытындылары бойынша жоғары балл жинаған 40 студент Компанияға жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда Компанияның өндірістік базаларында аталған жоба бойынша барлығы 23 студент білім алуда, 2019 жылы 19 студент бағдарламаға сай оқуды бастады.

Компания өз қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қамқорлыққа алған. Жақсы жалақы жүйесімен, жұмысшы-қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері медициналық сақтандырумен қатар, ЕМГ өз мамандарын қосымша сапалы әлеуметтік пакетпен де қамтып отыр.

Компанияда жергілікті халықты, көмекке мұқтаж жандарды қолдауға ниет етуші қызметкерлер қатары жыл санап өсіп келеді. 2015-2016 жылдарда облыста болған көктемгі жауынның салдарынан  баспаналары бұзылған жандарға жұмысшылардың өз еріктерімен бір күндік жалақылары есебінен көмектер көрсетілді. 2015 жылы жиналған қаражатқа тәрбиесінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар 4 отбасының баспаналарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жалғызілікті зейнеткерге жаңа тұрғын үй салынып берілді. 2016 жылы тәрбиесінде 4 баласы бар, (оның 2-уі ауыр науқас) Атырау қаласының тұрғынына жаңа баспана салынды.   

Өткен жылы ембіліктер Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек ұйымдастырылды. Мұнайшылар өз еріктерімен қаражат жинап, жинақталған 12 миллион теңге «Біздің қала-Зыряновск» қайырымдылық қорына аударылды. Оған баспаналары судың астында қалып, жарамсыз деп танылған Малеевск, Зубовск поселкелері мен Зырян қаласы маңы тұрғындарына 4 пәтер, 3 үй сатып алынды. 

Компания жыл сайын жаңажылдық қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, жинақталған қаражатқа әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың науқас, мүмкіндігі шектеулі балаларына сыйлықтар ұйымдастыруды дәстүрген енгізген.

  

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жыл аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897,1 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.