Ембілік мұнайшылардан сыйлықтар

04 қаңтар, 2019

2018 жылдың қараша айында «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Орталық басқару аппаратында дәстүрлі «Аяз Атадан сыйлық» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Атырау қаласындағы қолөнер шеберлері мен Компания қызметкерлері өз қолдарымен дайындаған бұйымдарын ұсынды. Қайырымдылық шарасынан жиналған қаражат 345 190 теңгені құрады.

Компанияның сұратуымен Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, соның ішінде, денсаулықтарына байланысты үйде отырып білім алуға мәжбүр 7-10 жас аралығындағы 50 баланың тізімі алынды.

-   Біздің Компания ел экономикасына, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасауға да баса назар аударуда. Сонымен қатар, ембіліктер үнемі өз еріктерімен жеке қаражаттары есебінен ауыр жағдайға тап болған отбасылар мен балаларға көмек қолын созып келеді. Мәселен, 2015-2016 жылдары Атырауда болған нөсер жауын салдарынан зардап шеккен отбасылардың үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа үйлер алынды. Ал, 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданының тұрғындарына көмек көрсетілді. Соның ішінде, ембіліктер балаларға ерекше қамқорлық көрсетуде. Компанияда екінші жыл қатарынан қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балаларына жаңа жылдық сыйлықтар тарту етілуде. Биыл Компанияның жас мамандары үйде білім алатын 50 баланың үйлеріне барып, сыйлықтарды табыстады, - дейді ЕМГ жас мамандар кеңесінің жетекшісі Серік ШЫҒАНОВ.

Жалпы, «Аяз Атадан сыйлық» қайырымдылық жәрмеңкесіне ЕМГ басқару аппаратының барлық департаменттері мен қызметтерінен 100-ге жуық жас маман қатысты.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.