Болашақ мұнайшыларға арналған жаңа оқу жылы

11 қаңтар, 2019

Атырау мұнай және газ университетінің 19 студенті «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) өндірістік алаңдарында дуалды жүйе бойынша оқуды бастады. Ағымдағы жылы студенттер мұнай өндіру саласының қыр-сырын «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-нің Кенбай кен алаңының мұнай дайындау және айдау цехының химиялық зертханасы мен «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Прорва кен алаңындағы Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысында үйренетін болады.

-   Жоба жүзеге аса бастаған жылдары ЕМГ базасында жұмысшы мамандықтар бойынша 93 студент дуалды оқытудан өтіп, соның ішінде, тестілеу қорытындылары бойынша жоғары балл жинаған 35-і Компанияға жұмысқа орналасты. Қазіргі таңда Компанияның өндірістік базаларында Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротехник жоғарғы колледжі және Уфа мемлекеттік мұнай-технологиялық университетінен аталған жоба бойынша барлығы 43 студент білім алуда, - дейді ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаменті директорының орынбасары Алтынай БЕРЕГЕНОВА.

Естеріңізге сала кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ-да студенттерді Дуалды оқыту бағдарламасы 2015 жылдың тамыз айында басталған болатын. Жоба кесте бойынша жүзеге асады: студенттер 14 күн бойы вахталық әдіспен кен алаңдарында тәжірибе жинақтаса, 14 күнде өз білім ордаларында теориялық білім алады. Жоба шеңберінде тағылымгерді оқыту, тамақтандыру, жатын орынмен, арнайы киіммен және өтемақы төлемдерімен қамту шығындарын Компания өтейді.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.