Ембілік мұнайшылардан жаңа жылдық ертеңгіліктер

29 желтоқсан, 2018

25-26 желтоқсан күндері «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немесе  Компания) әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық шыршаларын өткізді. Балаларға арналған жаңа жылдық шыршаларға облыстық арнайы және емдеу мекемелерінен 600-ден астам бала қатысты. Ал, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеулі 200 балаға жаңа жылдық шырша шарасы ұйымдастырылды.

Жаңа жылдық ертеңгіліктерді ұйымдастыру компаниямыздың дәстүріне айналды. Біз осымен төртінші жыл қатарынан бес мыңнан астам қызметкер еңбек ететін компания атынан ерекше ықыласты қажет ететін балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап келеміз. Өткен 2018 жыл «Ембімұнайгаз» АҚ үшін табысты жыл болды. Кен алаңдарымызда мұнай өндірудің жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізіліп, жылды бірде-бір адам шығынынсыз, жазатайым оқиғасыз аяқтап отырмыз. Экономикалық жағдайдың тұрақтылығы сақталса, біз осындай игі дәстүрді одан әрі жалғай береміз, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ. 

Қайырымдылық шыршалары балаларды оңалту орталығында,  Атырау облыстық мектеп-интернатында, облыстық кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу орталығында, облыстық №4 шипажайлы мектеп-интернатында, тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 арнайы мектеп-интернатында, «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде және Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтті. 

Ертеңгіліктердің бағдарламасына сәйкес балаларды Аяз Ата мен Ақшақар, ертегілер мен сүйікті мультфильмдердегі кейіпкерлері құттықтады, театрландырылған көріністер қойылды. Қайырымдылық шыршалары соңында балаларға сыйлықтар табыс етілді. 

 «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.