ҚМГ ҰК басшысы – Атырауда

26 желтоқсан, 2018

23-24 желтоқсан күндері «Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) жұмыс сапарымен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі ҚМГ ҰК) Басқарма төрағасы А.С.Айдарбаев болды. Ұлттық компания басшысының сапарына, сонымен қатар, ҚМГ ҰК Басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнайсервистері жөніндегі орынбасары Қ.О.Есқазиев, ҚМГ ҰК сатып алу және қамту жөніндегі басқарушы директоры Е.Қ.Қайржан және ҚМГ ҰК адами ресурстарды басқару жқніндегі басқарушы директоры Д.К.Хасанов қатысты.  

Сапар аясында, 24 желтоқсанда, А. Айдарбаев «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немес Компания) ірі мұнай-газ операторларының, ҚМГ ҰК еншілес және тәуелді компаниялары басшыларымен кездесіп, жиын өткізді.

- Ұлттық компания үшін Атырау облысында жүзеге асып жатқан жобалар үлкен маңызға ие. Олар – Теңіз және Қашаған жобалары. Бұл аймақта «Ембімұнайгаз», «ҚазТрансОйл» және «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамдары, мемлекетіміздегі үш мұнай өңдеу зауыттарының бірі – АМӨЗ өз жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, ҚМГ ҰК мамандарының тікелей қатысуымен газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Сондықтан, ел экономикасының мұнай-газ секторын одан әрі дамыту перспективалары осы өңірмен тығыз байланысты, - деп атап өтті сөз сөзінде Алик Серікұлы.

Жиын барысында ҚМГ ҰК басшысы мұнай-газ саласындағы жағдайларға бағасын беріп, компаниялардың қызметі мен өзекті мәселелеріне тоқталды. Өз кезегінде «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер, NCOC компаниясының қауіпсіздік техникасы және қоршаған ортаны қорғау директоры Е.Марабаев, АМӨЗ бас директоры Ғ.Амантурлин, «KPI» компаниясының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қ.Оразбаев, «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы С.Рзиевтер өз компанияларында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.           

Ал, сапардың алғашқы күні ҚМГ ҰК басшысы Прорва кен алаңдары тобындағы өндірістік нысандарды аралап, Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ) өндірістік құрылымдық бөлімшесі саналатын «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің «Прорва» орталық мұнай дайындау пунктінің жұмыстарымен танысты. Ал, кешке ҚМГ ҰК басшысы және Атырау облысы әкімі Н.Ноғаевпен бірге облыстың және ЕМГ-нің ардагерлерімен кездесті.  

- «Ембімұнайгаз» АҚ ескі кен орындарын игеріп жатқандығымен, белсенді жүріп жатқан геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнай өндіру жоспарын тұрақты орындап, қорларды толықтыру тапсырмасын да сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап өту керек, компанияда үлкен және ұйымшыл ұжым жұмыс жасауда. Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысымен танысу барысында мен күкірттен тазарту қондырғысынан басқа жалпы нысанның іске қосылып, жұмыс жасап тұрғанына көз жеткіздім. Ал, аталған қондырғы жақын арада іске қосылады деген сенімдемін, - деді ЕМГ қызметіне баға берген ҚМГ ҰК басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Прорва кен алаңдары тобында ілеспе мұнай газын залалсыздандыруға арналған Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысында іске қосу мен жөндеу жұмыстары 2017 жылы басталды. Іске қосу мен жөндеу жұмыстары барысында аталған қондырғының күкіртті алу қондырғысынан (LO-CAT) басқа негізгі блоктары кезең-кезеңімен шығарылып, пайдалануға берілді. Іске қосу мен жөндеу жұмыстары кезеңі жобаның бас мердігерінің газ күкіртін тазарту қондырғысын бастау бағытындағы міндеттемелерді уақытында орындамауына байланысты іске қосу кезеңі ұзартылды. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін жалғасуда.

Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту мақсатында Компания 2017 жылдың қараша айынан бастап С.Нұржанов кен орнында күкіртті сутектің көп мөлшері бар ұңғымалар жұмысын тоқтату бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Сол арқылы жағылған газ құрамындағы күкіртті сутек 2,5-тен астам есеге азайды.  Атырау облысының экология департаменті нақты мәліметтерге емес, жобалық деректерге, жаңылыс кеткен есептеулерге негізделген экологиялық залалды өтеу және әкімшілік айыппұлдар белгіленген бірқатар қаулылар шығарды.  Аталған департамент ұсынған талаптардың заңсыздығына сәйкес, қазіргі таңда шағымдану жұмыстары қолға алынды. 

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.