«Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподағының мүшесі болу – ерікті іс

26 желтоқсан, 2018

Ағымдағы жылдың 14 желтоқсанында Атырау облыстық прокуратурасының ресми сайтында «Кәсіподаққа мүше болу әркімнің міндеті емес, құқығы» тақырыбындағы баспасөз релизін жарияланған болатын. Соның  негізінде республикалық және облыстық БАҚ-да «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі Компания) басшылығының өз жұмысшыларын Кәсіподақ мүшелігіне өтуді міндеттеп, талап еткені жайында мақалалар жариялануда.  Аталған мәселе бойынша Компанияның басшысығы мен Кәсіподақ ұйымы БАҚ пен баспасөз-релизіндегі ақпарат шындыққа жанаспайтынын және бұрмаланып келтірілгенін мәлімдеп, төмендегідей хабарлайды:

Компанияның 2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шарты 2016 жылдың қараша айында қабылданды. 2017 жылдың шілде айында Ұжымдық шартқа қосылудың шарттары мен ережесін түсіндіретін өзгерістер енгізілді. Бастапқы Ұжымдық шарт пен оған енгізілген өзгерістер Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 156-бабының 11-тармағының ережесінде қаралғандай, бастапқы Ұжымдық шарт және оған түзетулер Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясында мониторинг рәсімдерінен өтті.

2018 жылдың басында «Атырау облысының еңбек инспекциясы» ММ Атырау облыстың прокуратурасының ұйғарымы негізінде Компания қызметінде еңбек заңнамаларының сақталуы шараларына тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 2018 жылдың сәуір айында Ұжымдық шарттан Кәсіподаққа мүше емес жұмысшылар Ұжымдық шартта қаралған әлеуметтік пакетке, ынталандыру және жеңілдіктерге ие болу құқығынан айырылады деген ескертпені алып тастау жөнінде ұйғарым шығарды. 

Ең алдымен, Ұжымдық шарттағы аталған ескертпе жұмысшылардың еңбек құқықтарына еш шектеу қоя алмағанын және шектеу қоймағанын, соның ішінде, жұмысшыларды Кәсіподақ ұйымына кіруге мәжбүрлемегенін атап өтеміз.  

Ұжымдық шарт мәтінінен үзінді келтірейік:

«Осы ұжымдық шарттың талаптары мен әрекеттері Жұмыс беруші мен Ұжымдық шартты жасаушы Жұмыскерлерді және жазбаша арыздары негізінде солардың қатарына қосылған Жұмыскерлерді қамтиды...

Кәсіподақ құрамынан шығарылған, Кәсіподақ мүшелігін жоғалтқан және соның салдарынан Ұжымдық шартқа қосылмаған, сондай-ақ, Кәсіподақ мүшелері болып саналмайтын Жұмыскерлер*, ҚР-ның қолданыстағы  заңнамасына сәйкес міндеттілерден басқа,  Ұжымдық шартпен көзделген  әлеуметтік қолдауды, ынталандыру және жеңілдіктерді  пайдалану құқығынан айырылады.

* - белгіленген мәтінді алып тастау тапсырылды.

Компанияның Ұжымдық шартында кәсіподақ мүшелері болып табылмайтын қызметкерлерге Ұжымдық шартқа қосылудың тәртібі мен шарттары (қызметкердің Жұмыс берушіге және кәсіподаққа жазбаша өтініші негізінде) нақты келтірілген.

Сәйкесінше, кәсіподақ мүшесі болып табылмайтын жұмысшы Компанияның Ұжымдық шартына қосылуға құқылы. Ол үшін арыз жазып, кәсіподақ мүшелерімен тең дәрежеде Ұжымдық шартта қаралған әлеуметтік қолдаулар мен жеңілдіктерге ие бола алады.

Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 158-бабының 3-тармағына толығымен сәйкес келеді. Яғни, Ұжымдық шарт жұмыс беруші мен ұйымдар атынан ұжымдық шарт жасасқан қызметкерлерге және оған қосылған жұмыскерлерге қолданылады. Қосылу ережесі мен шарттары ұжымдық келісім-шартта анықталады.

Демек, Ұжымдық шарттың аталған нормасы жұмысшыларды кәсіподаққа мүше болуға міндеттеген жоқ. Кейін Ұжымдық шарттан жоғарыда аталған ескертпені алып тастау бұл тараудың мағынасын өзгерткен жоқ. Бұған дейін болғандай,  кәсіподақ мүшелері де, Ұжымдық шартқа қосылған жұмысшылар да әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктерді ала алады.

Айта кетсек, 2017 жылы Ұжымдық шартқа өзгерту енгізілгенге дейін Компанияның 5 мыңнан астам қызметкерінің ішінен 50-і ғана Кәсіподаққа мүше болған жоқ. Ал, қазір 12 жұмысшы ғана Кәсіподаққа мүшелер қатарында емес. Олардың барлығы Ұжымдық шартқа қосылып, кәсіподақ мүшелерімен тең дәрежеде Ұжымдық шартқа сәйкес жеңілдіктерді қолданып келді және қолдануда.

Яғни, 5 мың жұмысшы Ұжымдық шартқа өзгеріс енгізілгеннен кейін Кәсіподаққа мүше болуға міндетті болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Сондықтан, жеңілдіктерден айыру айбатымен Компанияның жұмысшыларды кәсіподаққа мәжбүрлеп кіргізгені жөнінде интернет пен әлеуметтік желілерде таралған  ақпарат негізсіз болып табылады.

Қорытындылай келе, Компанияның Ұжымдық шарты жұмысшыларды әлеуметтік қолдаулармен, жеңілдіктермен қамту бойынша Қазақстандағы ең үздік келісім-шарттардың бірі болып табылады. Компания ешқашан бірде-бір жұмысшыны Ұжымдық шартта қаралған жеңілдіктерден айыруды көздеген емес. 

«Ембімұнайгаз» АҚ алдыңғы қатарлы әлеуметтік жауапкершілігі мол компания ретінде тек өз жұмысшыларын қамқорлап қана қоймай, мемлекетіміз бен облыс тұрғындарының жағдайына да баса назар аударып, қызмет барысында Қазақстан Республикасының заңнамаларын толық сақтауды басшылыққа алады.

«Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен Кәсіподақ комитеті

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz   тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде)

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.

 «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.