Мұнайшы қыздарға арналған медициналық тренингтер өтті

07 қараша, 2018

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі Компания немесе ЕМГ) құрылған «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының ұйымдастыруымен мұнайшы қыздар арасында «Қатерлі аурудың алдын алу» тақырыбында медициналық тренинг өтті. Компанияға қарасты 6 басқарма ұжымында ауысымдық әдіспен еңбек ететін қыздарды толық қамтуға тырысқан ұйымдастырушылар шараны әр басқармада екі реттен өткізді.

Соңғы статистикалық деректерге жүгінсек, қатерлі ісік дерті жасарып бара жатырғаны анықталып отыр. Яғни, бұл дерт жас қыздар, келіншектер арасында өршіп бара жатқаны байқалады. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша біздің өңір аталмыш аурудың тіркелуінен 3-орында тұр. Бұл – алаңдаушылық туғызатын жәйт. Соңғы уақытта Компанияға қарасты ұжымдардағы мамандар арасында да осы дертке шалдығушылар қатары   анықталып отырғаны бізді қатты алаңдатуда. Осы орайда, арнайы дәрігер мамандарды өндіріске шақырып, мұнайшы қыздар арасында аурудың алдын алу, алғашқы кеңестер ұйымдастыру мақсатында  осы шараны өткізіп отырмыз.  Кез келген дертті уақытылы емдеуді қолға алсақ, оң нәтиже берері сөзсіз,-деді тренингтің ашылу рәсімінде сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ  Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА.

«Доссормұнайгаз» МГӨ басқармасының Қарсақ кен алаңында, «Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасының С.Балғымбаев кен алаңында, «Қайнармұнайгаз» МГӨ басқармасының Жамансор  базасында, «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының Прорва  кен алаңы мен Құлсары қаласындағы орталық кеңсесінде, «Ембімұнайэнерго» мен «ӨТҚжЖК» басқармаларында өткен тренингте облыс тұрғындарына кеңінен танымал  онкогинеколог, маммолог дәрігерлер Ұлжан Хасанова мен Эльмира Сапаровалар мұнайшы қыздар алдында аталмыш дерттен сақтану жолдары, алғашқы белгілері туралы кеңірек насихат жүргізді. Треннингте спикер-дәрігер мамандар мұнайшы қыздар тарапынан болған   сауалдарға кеңінен  жауаптар беріп, арнайы дайындалған роликтерді көрсетті. 

Тренинг соңында дәрігерлер мұнайшы қыздарды арнайы кабинеттерде қабылдады.

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 833 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.