Айбек - өндірістің үздік жас маманы

26 қазан, 2018

Қазан айының соңғы күні Елбасының Жарлығымен «Еңбек күні» болып бекітілген болатын. Атаулы мерекеге орай жуырда Астанада еңбек форумы өтіп, «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары анықталды.

Аталмыш байқауға Атырау облысынан әріптесіміз, «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мұнай өндіру операторы Айбек Тұрсынбек «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша қатысып, жеңімпаз атанды

Жас та болса алғыр маман байқаудың талаптарына сай барлық шарттарын орындап, қызметі бойынша шығармашылық жұмыстарын (презентация, бейнеролик) ұсынды. Нәтижесінде, облыстық кезеңнен оза шығып, республикалық кезеңге жолдама алды. Еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалаларының үздік мамандары қатысқан байқауда Айбек Атыраудың намысын абыроймен қорғады. Үздіктер шығармашылық тапсырмалардың сапалылығы және электронды дауыс беру нәтижесімен анықталды.

Мұндай марапаттау бірінші кезекте жастарға үлгі болса, екіншіден, еңбек иелерін насихаттау болып табылады.

Айта кетсек, 2017 жылы ЕМГ-нің «Дуалдық оқыту» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданып, биыл Компанияда өткен «Үздік маман» шеберлік байқауында да жеңіске жетіп, І орынды иеленді.