«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасы: ембіліктерде қос қола

05 қыркүйек, 2018

Ағымдағы жылдың 26-29 тамыз күндері Астана қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасы ҚР Мүнай және газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналды. Бұған дейін айтып кеткеніміздей, бұл – финалдық кезең болып саналды.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ орынбасары Дәурен ҚАРАБАЕВ бұл додаға қатысушы 30-дан астам компаниядан 350-ден астам қызметкерлер-спортшыларға сәттілік тіледі. Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жарыс спорттың 8 түрінен (шағын футбол, баскетбол, волейбол, суда жүзу, армрестлинг, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі) мықтылардың басын қосты. Өйткені, бұдан бұрын іріктеу турнирлері өтіп, өз топтары бойынша оза шауып, жеңіске жеткендер ғана финалдық кезеңде бақ сынасты.

Айта кетсек, жуырда Қызылорда қаласында өткен іріктеу турнирінде топ жарған ембілік футболшылар, волейболшы қыздар мен ерлер, шахматтан ақтық сынға жолдама алғанымызды қуана хабарлаған болатынбыз.

Астанадағы жарыс жүзден жүйріктерді анықтады. Осалдар мүлдем кездеспеді. Бұған дәлел – үш күн бойына өткен тартысты ойындар. 

Жарыста волейболдан ерлер арасында «Ембімұнайгаз» АҚ командасы өнер көрсетті. Ал, шахматтан Ембі намысын Білімпаз Қабдолов қорғады.

- Құрметті әріптестер, спортшылар. Сіздерді қос мереке ҚР Конституция күнімен және ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жарыс игі дәстүрге айналды деуге әбден болады. Өйткені, бұл жарыс «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на кіретін компаниялар тобының корпоративті рухын өсіріп,   әріптестер арасында ауызбіршілік пен достық қарым-қатынасты қалыптастырады деп ойлаймын. Жарыс алаңында белсенділік танытып, қатысқан барлық спортшыға алғысымды айтамын, - деді жарыстың жабылу салтанатына қатысқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Сауат МЫҢБАЕВ.

Үш күнге созылған тартысты бәсекелер нәтижесінде Ембінің қоржынына екі қола жүлде түсті. Үшінші орынға таласта ембілік волейболшы қыздар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ командасын айқын басымдықпен ұтып, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Өзенмұнайгаз» АҚ командаларына ғана жол берді.

Ал, шағын футболдан ІІІ орын иегері пенальти сериясында анықталды. Кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталған болатын. І орынды иеленген «Өзенсервискомпани» компаниясының командасы, ал, «Қазақойл Ақтөбе» командасы- күміс жүлдегер атанды.

Ембілік мұнайшылар кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменовтің қолынан кубок, грамота, медальдарды алды.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 696 млрд. теңге шамасында, қайырымдылық пен демеушілік шараларына -2,3 млрд. теңге, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -2,8 млрд. теңге қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.