Жарыс жолында – ембіліктер

17 тамыз, 2018

2018 жылғы 16-17 тамыз күндері «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен «Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан әрі – Компания немесе ЕМГ) қарасты С.Балғымбаев кен алаңының 50 жылдығына орай  спорттың бірқатар түрінен жарыстар өтті.

Мерекелер қарсаңындағы спартакиадалық жарыстар кіші футбол турнирімен басталды. Жарыстың ашылу салтанатына ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

- Тарихы тереңде жатқан Компаниямыз үшін мұнайшыларды өндіріс қауіпсіздігімен қамтамасыз етумен қатар, олардың денсаулықтары мен өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасау басты басымдық саналады. Барлық жұмысшыларымыз отбасы мүшелерімен бірге медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіліп, барлық кен алаңдары базаларында спортпен шұғылдануға жағдайлар жасалған. Сондықтан, атаулы мерекелерге орай ұйымдастырылатын шараларды спорттық жарыстардан бастауды ұйғардық, - деді Әнуар Жақсыбеков.  

Доп додасына  Компанияға қарасты өндірістік құрылымдық бөлімшелер мен басқару аппаратының, барлығы 8 команда қатысып, 70-ке жуық қызметкердің басын қосты.  

Екі күнге созылған байрақты бәсекенің финалдық кездесуінде Орталық басқару аппаратының командасы «Қайнармұнайғаз» МГӨБ командасынан басым түсіп, турнир  жеңімпазы атанды. Ал, «қайнарлықтар» күміс жүлдегер атанды. Жүлделі ІІІ орынды «EMG-EP Catering» командасы иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, медальдар табыс етілді. Сонымен қатар, турнир соңында үздік ойын көрсеткен ойыншылар номинациялар бойынша марапатталды: Серік Бисекенов «Доссормұнайгаз» МГӨБ командасы) – «Үздік қақпашы»; Ерназар Табылдиев («EMG-EP Catering» командасы) – «Үздік шабуылшы», Батырбек Жүнісов («ӨТҚжЖК» командасы) – «Үздік жартылай қорғаушы»; Нұрбек Ишанов (Орталық басқару аппараты командасы) – «Үздік қорғаушы», Айгүл Какимова («Жылыоймұнайгаз» МГӨБ) – «Үздік бапкер» атанды.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған мерекелерге орай 17-тамыз күні «Инфинити» бильярд клубында жарыс ұйымдастырылып, 16 қызметкер жарыс жолына шықты.

Ойын екі жеңіске дейінгі екі пирамида жүйесі бойынша өтті. Жарыс қорытындысымен Орталық басқару аппараты командасынан Жолдас Ильясов жеңіске жетті. Ал, аталған команданың мүшесі Талғат Әбілов – ІІ орын, Нұрқуат Наурызғалиев («ӨТҚжЖК» командасы) – ІІІ орынды жеңіп алды. Жекелеген номинациялар бойынша Амантай Дюсеғалиев – «Ең ересек ойыншы», Бауыржан Ерекешов – «Жеңіске деген жігері үшін», Қадыр Әбуов – «Ең жылдам ойыны үшін» аталымдары бойынша марапатталды.

Спартакиадалық ойындарды дәстүрлі «Алтын ұя» отбасылық эстафеталық жарысы қорытындылады.

Бұл жарысқа Компанияға қарасты басқармаларда еңбек ететін мұнайшылар қатысып, өз жанұяларымен бірге 10 эстафеталық жарыс бойынша бақ сынады. 

Дода қорытындысымен «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының намысын қорғаған Салимовтар отбасы жеңіске жетті. Ал, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан Есқазиевтер жанұясы ІІ орынды иеленсе, Орталық басқару аппаратының бухгалтері Мақсот Сүйесіновтің  отбасына ІІІ орын бұйырды.  Жеңімпаз бен жүлдгер командалар диплом, кубок, медальдармен марапатталды. Бұған қоса, барлық қатысушы отбасылардың балаларына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 696 млрд. теңге шамасында, қайырымдылық пен демеушілік шараларына -2,3 млрд. теңге, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға -2,8 млрд. теңге қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.