Журналистер мен мұнайшылар футбол алаңында кездесті

07 шілде, 2018

Атырау облысында тұңғыш рет Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (бұдан әрі – НКОК) компаниясы мен қазақ мұнайының «қара шаңырағы» саналатын «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ) бастамасымен мұнайшылар мен аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Бұл шара үш бірдей айтулы мерекеге – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына, Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығына және С.Балғымбаев атындағы кен орнының 50 жылдығына орай ұйымдастырылды.

ЕМГ мен НКОК компаниялары қызметкерлерінен біріккен команда мен журналистер арасындағы тартысты кездесу «Судоремонтник» стадионында өтті. «EMG&NCOC» командасы құрамында 14 қызметкер (әр компаниядан 7 адамнан, үшеуі - қосалқы ойыншы) өнер көрсетті. Ал, журналистер командасы сапында 15 ойыншы – жергілікті «Атырау ТВ» телеарнасы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС және Атырау облысының өңірлік коммуникация қызметі қызметкерлері болды.

Команда ойыншылары мен жанкүйерлерді мерекелермен ЕМГ әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры С.НАҚПАЕВ пен НКОК мемлекеттік органдармен және сыртқы байланыс жөніндегі менеджері Жағпар ЕГІЗБАЕВ және ҚР Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма ҚАЛУСАРИЕВА құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.

 - Алдымен, ойыншылар мен қонақтарды Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын. Бүгінгі кездесудің мақсаты – мұнай-газ саласы мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында бірлік пен достық қарым-қатынасты нығайту. Себебі, екі саланың кез келген қызметкері де еліміздің, соның ішінде Астананың дамып, гүлденуі үшін аябай еңбек етуде, - деп атап өтті Сәлімжан Нақпаев.

Жағпар Егізбаев өз сөзінде бұл кезде екі сала арасындағы іскерлік байланыс пен серіктестікті дамытуға жол ашатынына сенім білдірді:

- Спорт – күштерді біріктіруші құрал. Бүгін осы күш бәріміздің басымызды қосып отырғанына қуаныштымын. Достық қарым-қатынасты нығайту үшін ұйымдастырылып отырған бұл ойынның мақсаты Солтүстік Каспий жобасының жергілікті қоғамдастықты дамыту бағытындағы мақсатымен ұштасып отыр. НКОК компаниясы атынан барлық қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтаймын. Мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрге айналады деп ойлаймын.

- Мереке қарсаңында ЕМГ мен НКОКкомпаниялары басшылығы бірігіп, ҚР Журналистер одағы Атырау облыстық филиалына командалар арасында футбол жарысын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Ұсыныс қос тараптан да қолдау тауып, бүгін екі сала қызметкрелерінен жасақталған командалар жасыл алаңда кездесіп отыр. Қос компания ұжымын  биыл аталып өтілетін мерейтойлармен шын жүректен құттықтаймын!, - деді футбол жарысының ашылу салтанатында  ҚР Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрайымы Алма Қалусариева.

Тоқсан минуттан астам уақытқа созылған ойын тартыс пен қызыққа толы өтті. Кездесуге қос команданың да «ең бастысы – қатысу» деген қағидамен келмегені анық байқалып тұрды. Өйткені, жеңіске жету үшін ойынның соңғы минуттарына дейін аянып қалмады. Нәтижесінде, жолдастық кездесу 4:4 есебімен аяқталды. Мұнайшылар сапынан гол авторлары – атанған Б.Омарғалиев (НКОК), Ә.Бексейітов (ЕМГ), Б.Жүнісов (ЕМГ), Ә.Рахманов (НКОК). Ал, журналистерден Д.Қалжігітов, Т.Баксих және Қ.Жетпісбаев (дубль авторы) мұнайшылар қақпасының саңылауын таба білді. Ойын тең аяқталғанымен, ұйымдастырушылар кубокты Атырау облысының БАҚ қызметкерлері командасына табыс етті.

Сонымен қатар, үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік жартылай қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары бойынша дипломдармен марапатталды. Матчтан соң командалардың капитандары бір-біріне допты сыйға тартты.

Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.