«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) Атырау мұнай және газ университеті түлектеріне еңбек кітапшаларын табыс етті

09 шілде, 2018

Атырау мұнай және газ университетінің Студенттер сарайында түлектерге диплом тапсыру салтанатты шарасы өтті. Болашақ мұнайшыларға диплом тапсыру шарасына жыл сайынғы дәстүрге сай Компания басшылығы да қатысты. ЕМГ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары А.Ғ.ГАБДУЛЛИН аталған оқу орнының 20 түлегіне алғашқы жұмыс мамандығын иеленгенін куәландыратын еңбек кітапшаларын табыс етті.

- Бүгін университетті тәмамдап отырған жастар үшін үлкен өмірге жолдама алған ерекше күн. Білім мен мұнай өндірісінде алған тәжірибе жаңа өмірде сіздерге үлкен жетістік боларына сенімдімін. Дуалды оқыту бағдарламасы жүзеге аса бастаған 2015-2017 жылдар аралығында «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндіру басқармалары базаларында 69 студент тағылымдамадан өтті. Жобаны жүзеге асыру арқылы біз компанияның және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сұранысына сай келетін білікті жас мамандарды даярлаймыз, - деп ЕМГ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Айболат ГАБДУЛЛИН университет түлектерін айтулы күнмен құттықтады.

Айта кетсек, ЕМГ 2015 жылдан бастап Атырау мұнай және газ университеті мен APEC Petrotecnic жоғары техникалық мектептің студенттері үшін дуалдық оқыту бағдарламасын іске қосқан болатын. Биыл Атырау мұнай және газ университетінің 20 студенті Компанияға қарасты «Қайнармұнайгаз» және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары базаларында «Мұнай және газ өндіру операторы» және «Ұңғыларды зерттеу операторы» мамандықтары бойынша тағылымдамадан өтті.

Ең алдымен, студенттерді өндіріске кіргізу мүмкіндігіне ие болу үшін өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша арнайы оқулар өткізілді. Кәсіпорынның білікті қызметкерлері арасынан студентерге жетекшілер бекітілді. Тағылымгерлер тұрғылықты орынмен, тағаммен, тасымалдайтын көлікпен, арнайы киіммен және ай сайын өтемақылық төлемдермен қамтамасыз етілді.

Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.