«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 17-ші халықаралық Global Oil&Gas Atyrau-2018 және Atyrau Build-2018 Солтүстік-Каспий мұнай-газ және құрылыс көрмелеріне қатысты

17 сәуір, 2018

Көрмелер 2018 жылғы 10-12 сәуір күндері аралығында Атырау қаласындағы Көрме орталығында өтті. «Iteca» компаниясы ұйымдастырған шараға Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Атырау облыстық әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, KAZENERGY ассоциациясы және «KazService» Қазақстанның сервистік компаниялар одағы ресми түрде қолдау білдірді. ЕМГ көрменің Алтын серіктесі ретінде қатысты.

- Мұндай шаралардың Атырау облысының аумағында өтетіні қуантады. Өйткені, мұнай-газ өндіру тарихы осы жерден бастау алғаны мәлім. Мұнай-газ саласы Қазақстан экономикасы дамуының локомотиві саналады. Сондықтан, бұл саланың серпінді дамуы маңызды. Көрмеге жүздеген елден өкілдер қатысуда.  Бұл шара оларға бір-бірімен тәжірибе алмасуға, жаңа шешімдермен бөлісіп, жаңа іскерлік қарым-қатынас орнатуға мол мүмкіндік туғызады, - деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Болат АҚШОЛАҚОВ.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен кейін ЕМГ стендін Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР Энергетика вице-министрі Болат АҚШОЛАҚОВ, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы сауда өкілі Константин ЗЛЫГОСТЕВ және басқа да қатысушылар мен қонақтар тамашалады.

«Ембімұнайгаз» АҚ көрме аясында бірнеше ауқымды шаралар өткізді. Атап айтсақ:

- ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен «Мұнай өндіру үдерісіндегі цифрландыру» Форумы. Форум барысында қатысушы делегаттарға 11 баяндама оқылып, таныстырылды. Оның ішінде, 8-і – Microsoft, IBM және Schlumbereger сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру  жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды;

- Көрме кешенінің аумағында «Геологиялық барлау», «Дуалды оқыту», «Мұнай өндіру үдерісіндегі цифрландыру» және «Сатып алулар» бағыттары бойынша 4 семинар ұйымдастырылды. Семинарлардың өту барысында Компания қызметкерлері қатысушыларды қызықтырған барлық сауалдарға жауап берді.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау.

«Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары.

«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады.

Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.

«Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.