«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) «Мұнай өндіру үдерісіндегі цифрландыру» халықаралық Форумы (бұдан әрі Форум) өтті

10 сәуір, 2018

10-сәуірде ЕМГ бас кеңсесінде Компанияның бастамасымен және ҚР Ақпарат және коммуникациялар  министрлігі және ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен мұнай-газ саласына сандық технологияларды енгізудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық Форум өтті. Форумға салалық министрліктер өкілдері, ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен қызметкерлері, халықаралық сарапшылар және IT саласында қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері, жалпы алғанда 200-ден астам делегат қатысты.

- «Цифрлық Қазақстан»  Мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне енген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ жүзеге асырып жатқан «Сандық кен алаңы» және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу» жобалары мұнай-газ саласындағы негізгі жобалар болып саналады, - деп баса айтты ҚР Энергетика вице-министрі Болат АҚШОЛАҚОВ.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы ақпан айында ЕМГ базасында  Уаз кең алаңында «Сандық кең алаңы» пилотты жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдеді. Электр энергиясын қолдану 35 пайызға азайды. Ұңғымалар қорын пайдалану коэффициентін көбейту арқылы қосымша 1360 тонна мұнай өндіру қамтамасыз етілді. Жерасты жөндеу жұмыстарының көлемі азайып, әр ұңғымадағы мұнай өндіру есебі бірыңғайланды. Жинақталған тәжірибе орай «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобына тарату мақсатында барлық қор және мұнай мен газ өндірудің 80 пайызға жуығы келетін  бірқатар негізгі кен алаңдары іріктелді. 2017 жылы ЕМГ-да «Сандық кен алаңы» тұжырымдамасы Прорва кен алаңдары тобына да таратылып, биылғы жылы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің Жаңаталап кен орнына енгізілуде.

-Қазіргі таңда ірі мұнай компанияларының барлығында дерлік интеллектуалды кен алаңы тұжырымдамасын әзірлеп, енгізумен айналысатын бөлімшелері бар. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай-газ саласы интеллектуалды кең алаңдарын құруға алдағы 5 жылда 1 млрд. доллардан астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр. Сондықтан, біз мемлекет пен бизнес, IT саласында қызмет көрсететін компаниялар мен мұнай компанияларының арасында ашық пікір алмасу алаңдарын қалыптастыру, мұнай өндіру саласындағы озық сандық технологияларды таныстыру мақсатында аталған Форумды ұйымдастыруды жөн санадық, - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ. 

Форум барысында қатысушы делегаттарға 11 баяндама оқылып, таныстырылды. Оның ішінде, 8-і – Microsoft, IBM, Schlumbereger сынды компаниялардан келген халықаралық сарапшылар дайындаған жұмыстар. Цифрландыру  жүйесінің келешектегі мәселелері, қауіптер және басқа да туындаған сауалдар Энергетика вице-министрі Б.О.Ақшолақовтың, халықаралық сарапшылардың, ірі мұнай-газ және сервистік компаниялар басшыларының қатысуымен пікір алмасу алаңында кеңінен талқыланды.

 «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.