«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) интерактивті мұражайға экскурсия ұйымдастыруда

07 ақпан, 2018

7 ақпанда «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау қаласындағы мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне арнап Интерактивті мұражайға экскурсия шарасын бастады.

Облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бір топ оқушысы Компанияның интерактивті мұражайында болып, қазақ мұнайының тарихымен кеңінен танысты. Мұражайда мектеп оқушыларын «Ембімұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Сәлімжан НАҚПАЕВ қарсы алып, экскурсияның мақсатына тоқталып өтті.

- Ел экономикасындағы жетекші сала – мұнай-газ секторының қалыптасуы, қарыштап дамуы осы Интерактивті мұражайда кеңінен көрініс тапқан. Қазақ мұнайының бастауында тұрған Ембі өңірінің аталмыш сала тарихында алар орны ерекше. Бұл өңірде алғашқы «қазақ жұмысшы табы» қалыптасты. Кешегі Ұлы отан соғысы кезіндегі ембілік мұнайшылардың Жеңіске қосқан үлестері ұшан-теңіз. Соғыстан кейін тоқыраған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарында да мұнайшылардың үлестері мол. Бүгінгі ұрпақ аға буынның осынау ерліктері мен еңбектерін біліп өсуі керек. Осы мақсатта Басқарма төрағасы Әнуар Еркінұлы Жақсыбеков интерактивті мұражайды тек Компания қызметкерлеріне ғана емес, облыстың жаңалыққа жақын барлық жастарына көрсету жөнінде ұсыныс білдіріп, бастама көтерген болатын, - деп атап өтті С.Нақпаев.

Болашақта мұнай-газ саласы мамандығының иесі атануға ниеті бар және бұл бағытта түрлі ғылыми жобаларға қатысып жүрген зияткерлер өздерін толғандырған сауалдарға Компания қызметкерлерінен жауап алып, білімдерін толықтырды.

- Қазақ мұнай-газ өндірісінің ғасырдан астам тарихы сонау ежелгі дәуірлермен сабақтасып жатыр. Бүгін біз Ембінің кен алаңы Қарашүңгілден алғаш мұнайдың табылуы, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасуы мен «Ембімұнай» тресінің құрылуы туралы деректерді осы мұражайдан таптық. Менің отбасымдағы адамдардың барлығы дерлік мұнай-газ саласында еңбек етеді. Мұражайға келіп, менің де осы саланы дамытуға деген қызығушылығым арта түсті, - дейді мектеп оқушысы Әсем ТӨРЕҒАЛИЕВА.

Данияр ДЖАКСЕНОВ аталған оқу орнының 10-шы сыныбында білім алуда.

- Мұражайдың «Интро», «Алғашқы ашулар», «Технология уақыты», «Ұлы Отан соғысы», «Медиа орталық» және басқа да бөлімдері құнды мәліметтерге толы. Мұражай заманауи үлгіде жасақталып, үнемі жаңартылып отыратыны маңызды, - деді ол.

Атап өту керек, қазіргі таңда мұражайды тамашалауға ниет білдірушілер қатары артып отыр. Интерактивті мұражай бұдан бөлек Ж.Досмұхамбетов лицейі, Apec Petrotechnic Жоғарғы колледжі, Атырау мұнай-газ университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау технологиялық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі, Бизнес және құқық колледжі, Атырау медициналық колледжінің, Атырау агро-техникалық колледжінің оқушылары мен студенттерін қабылдайды. Алдағы уақытта мұражай белгіленген кесте бойынша (Компанияның сайтына - www.emba.kz жарияланады) қонақтарды қабылдайтын болады.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);
Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. Компания құрылған 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Компания республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 654 млрд. теңгеден астам, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,3 млрд. теңге,  демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд. теңге қаражат бөлді.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.