2019 жылдың 9 айының қорытындылары және жылдың күтілетін нәтижелері бойынша ұжыммен есеп беру кездесудегі баяндамасынан тезистер.

11 қараша, 2019

24 қазан күні «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) бас кеңсесінде Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбековтің ұжыммен кездесуі өтті.     

Есептік кездесуге Компания басшылығы, Басқару аппаратының департамент  және қызмет  жетекшілері, өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің (ӨҚБ) басшылары мен бас инженерлері, өндірістік цех пен әлеуметтік саясат бөлімінің басшылары, ӨҚБ кәсіподақ ұйымының жетекшілері қатысты.  

Есептік баяндамасын бастар алдында Компания басшысы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ емілік мұнайшыларды Қазақстан мұнайының 120 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтады:

-  Сіздерді Қарашүңгіл жерінен бастау алған  қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойымен  тағы бір мәрте  құттықтаймын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, күні кеше баршамыз  бұл мерекені  жоғары деңгейде атап өттік. Мерекеге орай Атырауда өткен салтанатты шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, мұнай-газ өнеркәсібінің үздік 41 қызметкерін марапаттады. Мемлекет басшысының қолынан үлкен марапат алғандардың қатарында ембіліктер де бар.

Орталық басқару аппаратының зейнеткері Күләш Жұмағалиева «Құрмет» орденімен, «Жайықмұнайгаз» басқармасының басшысы Амангелді Сүлейменов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, «Жылыоймұнайгаз» басқармасы  Ақінген кен орнының мұнай-газ өндіру операторы  Болат Естлеуов «Құрмет грамотасына» ие болды.

Компанияның дамуына зор үлес қосқан мұнайшыларға - біздің зейнеткерлеріміз бен қызметкерлерімізге  мемлекеттік марапат пен грамотаны табыс етті. Қазақстан Республкасы Энергетика министрлігі атынан қазақстан мұнайының 120 жылдығына арналған мерекелік төс белгімен марапаттады. Бұл-барша ембілік мұнайшыларға көрсетілген үлкен құрмет деп бағалаймыз, мұнайшылардың еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып жатқанына қуаныштымыз.

Осынау тамаша мерекемен сіздерді тағы бір мәрте құттықтап, «қара алтын» өндірудегі жасампаз еңбектеріңізге алғыс айтамын!

Ерекше атап өту керек, Ембі ұжымы отандық мұнай-газ саласының тарихи негізін қалады. Жуырда біздің өндірістегі жұмысшыларымыз «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы шеңберінде Татарстанда өткен «Үздік маман» байқауына қатысып келді. Байқаудың қорытындысы бойыншабіздің қызметкерлеріміз 5 номинация бойынша жүлдегер атанды. Бүгін олардың есімдерін атап өтуді жөн көріп отырмын. Теороия мен тәжірибені жетік меңгергені үшін «Алтын» жүлдені «Доссормұнайгаз» МГӨБ №1 Қарсақ мұнай өндіру цехы бригадасының технологиялық қондырғылар операторы Асылбек КУШЕКЕНОВ пен «Ембімұнайэнерго» басқармасы «Жайық» электр торабының жөндеу және қызмет көрсету электр монтері Әлібек ТУЛЕПОВ иеленді.

«Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай мұнай-газ өндіру цехының операторы Ерболат ЖҰМАҒАЛИЕВ пен қабат қысымын сақтау операторы Берекет ЕЛЕУЛИЕВ ІІ орынды еншілеп, «Күміс» жүлдемен қуантты.  Ал, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнайды дайындау және айдау цехының тауарлы операторы Арслан ДЖИЕНАЛИЕВ пен оның көмекшісі Азамат ДЖУМАШЕВ ІІІ орынға қол жеткізіп, «Қола»

- Ембі мұнайшыларының  атағын жоғары ұстай білген осы жігіттерге, цех басшыларына үлкен алғыс айтамын. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмысшыларды марапаттау Ережесіне байланысты барлық  үздік деп танылған мамандардың бір жыл бойғы жалақыларының мөлшеріне 1- орынға 30 пайыздық үстеме, 2-орынға 20 пайыздық үстеме, 3-орынға 10 пайыздық үстеме қосылады.  Бұл - қарапайым еңбек адамына үлкен мотивация. Рахмет, жігіттер! 

- Атырау облысының 5 ауданындағы  аз қамтылған 8 отбасына баспана сатып алуға көмектесіп, республикалық «Арыс. Біз біргеміз!» акциясына қатысып, биылғы жылы екі мәрте ерекшеленген біздің ұжымның жоғары азаматтық жауапкершілігін тағы да айта кеткен жөн.  Естеріңізге сала кетейін, Компания қызметкерлері жинаған қаражатқа жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларының 400-ден астам оқушысына мектеп киім- кешектері тарту етілді.

Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен отбасылар балаларын мектепке дайындауға көмектен соң осындай қайырымдылықты Атырау қаласы мен облысының әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көрсету жөнінде де шешім қабылданды. Нәтижесінде, ембіліктер мұнайшылардың өз қаражаттарына биылғы жылы облысымыздың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының 70 оқушысына мектептік киім-кешектер алынды.

Ембіліктердің жергілікті қауымдастықты қолдауға қосқан үлесі мемлекеттік деңгейде бағаланып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған «Туған өлке» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығын еншіледі.  

Мен сіздердің азаматтық жауапкершіліктеріңізге және мейірімді жүректеріңізге алғыс айтамын. Ембілік мұнайшылардың қолдауымен облысымыздағы баспанасы жоқ, көп балалы  сегіз отбасы үйлі болды. Арыс қаласындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетіліп, олар мектептік киім-кешекпен қамтылды. 

Құрметті ембіліктер, сіздерге үлкен рахмет. Отбасыларыңызға амандық, компаниямызға алдағы уақытта да қарыштап дами берсін деген тілек айтамын!

Есептік баяндаманың негізгі бөлігінде Ә.Жақсыбеков ЕМГ-нің еңбекті және қоршаған ортаны қорғау (ЕжҚОҚ) саласындағы басты мақсаты: Жазатайым оқиға бойынша нөлдік көрсеткіш, апат пен мұнайдың төгілулерінің орын алмауы және қоршаған ортаға минималды әсер болып табылатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қол жеткен жетістіктерге қарамастан, Компания ЕжҚОҚ саласындағы көшбасшылар –  халықаралық компанияларда қолданылатын жаңа әдіс-тәсілдерді енгізіп, алға қарай дамуда. 

Сонымен қатар, ЕМГ басшысы бұл бағыттағы проблемаларға тоқталды. Атап айтсақ, Компания қызметкерлерін тасымалдау бойынша қызмет көрсететін көлік компаниялары жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті. Бақытымызға орай, бұл кемшіліктер ембіліктер арасында жарақат алуға әкелмеді.

Осыған байланысты Ә.Жақсыбеков көлік департаментіне: жоғары жылдамдықты режимді бақылауды күшейтуді, жүргізушілер арасында тұрақты оқыту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, OPITO халықаралық стандартына сәйкес 2020 жылы барлық жүргізушілерді қауіпсіз жүргізуге міндетті оқытуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментіне қызметкерлерге түсіндіру жұмыстарын күшейту, қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментімен бірігіп, 2020 жылы қызметкерлерді еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы (бұдан әрі - ЕҚжҚТ) мәселелері бойынша қосымша оқытуды қамтамасыз ету және осы салада жақсы жұмыс жасау үшін қызметкерлерді ынталандыру бағдарламасын жасау тапсырылды.

Бұдан әрі Ә.Жақсыбеков биылғы жылы жекелеген өндірістік құрылымдық бөлімшелеріндегі ұңғымаларда газ және мұнай түзілімдерімен байланысты оқиғаларға да тоқталды.

Компания басшысы оқыс оқиғалардың себептерін талдауға егжей-тегжейлі тоқталып, салалық басшыларға олардың қайталануын болдырмауға, соның ішінде, комиссия құрып, жүйелік қателіктерді анықтау үшін ішкі тергеу жүргізуге, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерлерін болдырмауға және жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін құруға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.    

Қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан, LO-CAT қондырғысының толық іске қосылуына байланысты өткен жылдың есепті кезеңінен бастап атмосфералық ластағыш қалдық заттар едәуір төмендеді. Оның барысында газды кешенді дайындау қондырғысы зауытында қышқыл газ жағылмайды, бірақ, сатылатын күкірт өндіріледі. Сонымен қатар, тұтынушыларға тауарлық газды тасымалдау көлемі едәуір артты, сөйтіп «Жылоймұнайгаз» МГӨБ газды кешенді дайындау қондырғысы алауында газды мәжбүрлі түрде жағу көрсеткішін азайтады.

Компания басшысы барлық басшыларға еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің басым мәселелері туралы және жұмыскерге жұмыс орнында теріс сипаттағы кез келген фактілерді жасыруға жол берілмейтіндігі туралы ақпарат беру қажеттілігін тағы бір рет ескертті!

Өндірістік көрсеткіштердің орындалысы жөнінде 2019 жылдың 9 айында  ЕМГ  2 млн. 164 мың 503 тонна өнім өндіріп, жоспар 4 мың 615 тоннаға артық орындалса, мұнай тапсыру жоспары да межеден жоғары.  Өнім тапсыру көрсеткішін Компания 6 мың  821  тоннаға артығымен орындады.

Мұнай жеткізу жоспары 2 млн 139 мың 500 тоннаны құрап, 2 млн 146 мың 321 тонна көлемінде орындалды. Жоспардан тыс өндіру + 6 мың 821 тонна құрады.

Есептік баяндама барысында Басқарма төрағасы жұмыстағы кемшіліктерді талдай отырып, әр өндірістік құрылымдық бөлімшенің қызметінің нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталды және тиісті басшыларға оларды жою және өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, Компания қызметінің негізгі бағыттарының, оның ішінде өткен жылы қабылданған ЕМГ-нің алдағы 10 жылға арналған тұжырымдамасын іске асырудың нәтижелері де қаралды. Қазіргі уақытта Тұжырымдама шеңберіндегі стратегиялық жобаларды іске асыру жағдайы ай сайын құрылған Жобалық комитеттің отырыстарында келесі бағыттар бойынша қаралады:

- Геологиялық барлау және қосымша барлау жүмыстары есебінен ресурстық базаны арттыру;

- Мұнай алу коэффициенті мен АЕК және өндірісті автоматтандыру арқылы операциялық тиімділікті арттыру;

- Газ құбырларын, газ станцияларын және газды кәдеге жарату арқылы газ бизнесін дамыту.

Даму тұжырымдамасын іске асырудың аралық нәтижелерін талдау және балама шешімдерді әзірлеу үшін ағымдағы жылдың қазан айының басында кезекті стратегиялық сессия ұйымдастырылды, оның барысында Ембі тұжырымдамасын іске асыруға тікелей әсер ететін факторларды шешудің мүмкін жолдары талқыланды.    

Сондай-ақ, баяндама барысында төмендегі жұмыстардың: барлау блоктарында және қолданыстағы кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, «Интеллектуалды кен алаңы» жобасының 2017-2023 жылдарға арналған өзге кен алаңдарына тарату бағдарламасын іске асыру, Забурын ​​және Ш.Молдабек кен орындарында полимерлік суландыру жобасын іске асыру, 2020-2021 жылдарға арналған өндірісішілік автожолдардың құрылысын жүргізу және жөндеу бағдарламасын орындау, ілеспе мұнай газын дайындауға арналған қолданыстағы қондырғылар жұмысы, ТЖҚ сатып алудың жылдық жоспарын іске асыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту және т.б орындалысы талқыланды.        

Есептік баяндама барысында ЕМГ басшысы Компания қызметінің әлеуметтік бағытына да тоқталды:         

- Компания өз қызметкерлерін жоғары деңгейде әлеуметтік қамсыздандырумен қамтамасыз етеді. Ұжымдық келісім аясында Компания Қазақстан Республикасының мереке күндеріне, мерейтойларға, дәрі-дәрмек сатып алуға, курорттық емделуге жолдамалар сатып алуға және т.б. материалдық көмекақы төлеу арқылы зейнеткерлерді әлеуметтік қолдау бойынша қосымша міндеттемелерді орындайды.

Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының құндылықтары аясында Компания барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелер базасында жаттығулар жасау үшін жағдай жасай отырып, Ембі мұнайшыларының арасында спортты кеңінен насихаттауға үлкен көңіл бөлінуде. Биыл ембіліктер Шымкентте өткен спартакиаданың финалдық кезеңіне спорттың 3 түрінен: армрестлинг, шахмат және волейболдан жолдама алды. Қазақстан мұнайының 120 жылдығына орай Ембі өндірістік бөлімшелерінің қызметкерлері арасында қазақ күресінен «Мұнайшы барысы» турнирі ұйымдастырылды. Облыс орталығында Компанияның 150-ден астам қызметкерінің қатысуымен ұйымдастырылған велошеру жоғары деңгейде өтті.

Ағымдағы жылы Қазақстан мұнайының 120 жылдығын тойлау аясында мұнай және газ өндіру басқармалары қызметкрелері үшін бірқатар спорттық, мәдени шаралар мен интеллектуалдық жарыстар ұйымдастырылды. Жастар жылы мен  Қазақстан мұнайына 120 жылдығы аясында «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ «Каспий самалы» вахталық қалашығында құрылымдық бөлімшелердің жас мамандары арасында «Брейн-ринг» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын мұнайшылар арасында мұнай және газ өндіру басқармаларының жатақханаларында шығармашылық байқаулар өткізілді.   

Есептік баяндама барысында, сондай-ақ, қызметкерлерді оқыту, еңбек және тәртіп туралы мәліметтер, жұмыс кестесінің ережелерін бұзу фактілері туралы мәліметтер келтіріліп, кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді. Соның ішінде Қоғам қызметкерлері мен мердігерлер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

- Егер әрқайсымыз, әсіресе, басшылар, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтасақ, сөзімізге жауап берсек және өзіне жүктелген міндетті уақытылы аяқтасақ, қоршаған орта мен Компанияның мүлкін мұқият сақтасақ, өз біліктілігімізді үнемі жетілдіріп, әріптестерімізге құрметпен қарасақ, Компания бұдан да үлкен биіктерге жетеді, ал жұмысшылар болашаққа сенімді болады! Егер біз қабылданған құндылықтарды елемей, түрлі бұзушылық фактілеріне жол берсек, бұдан әрі сәтті даму туралы айтудың да қажеті жоқ! – деп атап өтті Ә.Жақсыбеков.

Кездесу соңында Компания басшысы кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік қызметіне қатысты сұрақтарға жауап берді.