«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбековтің 2018 жылғы 10 айдың қорытындысы жөніндегі есебі

07 желтоқсан, 2018

Құрметті әріптестер, қайырлы күн!

Ембінің барлық қызметкерлеріне еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстары мен жетістіктеріне алғыс білдіремін. Өткен 10 айда:

  • бірде-бір өлім;
  • бірде-бір апаттық жағдай тіркелген жоқ!

Бұл – біздің ортақ жетістігіміз! Компания үшін ең маңыздысы – өндірістік көрсеткіштер емес, әр қызметкеріміздің үйі мен отбасына аман-есен оралуы екендігін бұған дейін де айтып келемін.

Сондықтан, дәстүр бойынша мен өз сөзімді еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстардың жағдайынан бастаймын.

ЕМГ-нің еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы негізгі мақсаттары:

  • Жазатайым оқиғалардың мүлдем орын алмауы;
  • Апаттар мен төгілулердің болмауы;
  • Қоршаған ортаға залалды барынша азайту.

Соңғы жылдары бұл бағыттарда аз жұмыс жасалған жоқ. Қазіргі таңда Компания заңнаманың барлық талаптарына сай жұмыс жасап келеді. Алайда, біз алға ұмтылып,  еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы көшбасшылар саналатын халықаралық компанияларда қолданылатын жаңа бастамаларды енгізуіміз керек. Жоғарыда атап өткенімдей, аталған кезеңде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Дегенмен, жұмыс орындарында жай және ауыр жарақат алудың үш оқиғасы орын алды.

Барлық жағдайларға байланысты саралау жұмыстары жүргізілді, тиісті шаралар қабылданды. Кен орындарының қауіпсіздік техникасы сыныптарында жұмысшыларға қосымша оқу ұйымдастырылып, өндірістегі қауіпсіздік бойынша бейнероликтер көрсетілді. Бұған қоса, өндірістік қауіптердің алдын алу мақсатындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Алтын ережелері» таныстырылды. Қоғам Басқармасымен қауіпсіздік бойынша 14 корпоративті-нормативтік құжаттар жасақталып, бекітілді. Ұжым арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «Сауықтыруға 10 қадам» бастамасын насихаттау жұмыстары жүргізілді, «Ембі тынысы» корпоративті электронды газетінің әр нөмірінде еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздікке қатысты материалдар жарық көруде.

Қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, барлық өндірістік нысандарда, асханалар мен жатақханаларда қауіпсіздікті сақтау туралы бейнероликтер таратылып келеді. Ақпараттық бетшелер таратылып, ақпараттық тақтайшалар орнатылуда, қауіпсіздікті сақтау бойынша бағдарлама қабылданды.

Шұғыл медициналық көмек көрсету бойынша талаптар көтерілді, өрт сөндіру жүйелерін жаңғырту және ескірген өрт сөндіру техникасын ауыстыру жұмыстары жоспарланып, қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғауға қосымша қаражат бөлінді.

Іс-әрекет қауіпсіздігін қадағалау бағдарламасы іске асырылып, жүргізілуде. Аталған бағдарлама аясында басқару аппараты мен өндірістік-құрылымдық бөлімшелердегі (ӨҚБ) барлық деңгейдегі басшылары өндірістік нысандарға шығып, бағдарлама карталарын толтырулары міндетті. Бұл карталар еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасына қатысты проблемалық мәселелер туралы ақпараттарды жинақтауға мүмкіндік береді, мұндай қадағалау жұмыстарына басшылардың қатысуы анықталған мәселелер бойынша шұғыл шешім қабылдауға есптігін тигізеді.   

Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаменті төмендегі бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруда:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның – «100% қауіпсіздік», «Сайықтыруға 10 қадам» саясаттарын енгізу жұмыстары жүріп жатыр;
  • «Өндірістік бақылау бағдарламасы» жасақталып, Қоғамның Басқармасына бекітілуге ұсынылды;
  • Мердігер мекемелерде әр айдың 15-сіне дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның КИСУД жүйесіне тіркелетін «Мердігерлік ұйымдардағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша мәліметтер» есебін тапсырады. Мердігерлік ұйымдардың қызмет көрсетуі мен жұмыс жүргізуі типтік келісім-шартына «Қауіпсіздік, еңбек пен қоршаған ортаны қорғау бойынша талаптар» қосымшасын енгізу жөнінде бұйрық шықты. Бұл қосымшада жұмыс жасау кезінде қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін айыппұл төлеу шарттары қарастырылған.

Жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде мердігерлік ұйымдарда жазатайым оқиғалар азайды.  

Аталған мәселелер бойынша цех басшыларынан бастап өзімнің орынбасарларыма дейінгі барлық басшыларға тапсырамын:

  • қауіпсіздік техникасына баса мән беру, қауіпсіздік іс-әрекетті қадағалау бағдарламасының орындалысына белсенді түрде қатысу, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы мәселелеріне қатысты алдын алу жұмыстарын жүргізу, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ақпараттарда ашықтықты, нақтылықты және өзектілікті қамтамасыз ету, мердігер мекемелердің жұмыстарын қадағалау.

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

Жоғарыда аталған шаралардың барлығы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау жұмыстарын жақсартуға арналған. Өндіріс қауіпсіздігіне – тек техника қауіпсіздігі жөніндегі инженерлер ғана емес, қызмет көрсетуші техникалық персоналдан бастап бірінші басшыға дейінгі әр қызметкер ерекше мән беруі керектігін ТАҒЫ ЕСТЕРІҢІЗГЕ САЛАМЫН.

Қоршаған ортаны қорғау өндірістік бағдарламасын іске асыруға 2017 жылы 284 млн теңгеге жуық қаражат қаралып, 265 миллион теңгеге жуығы игерілді. 2018 жылғы шараларға 1,78 миллиард теңгеден астам қаражат жоспарланды. Өткен 10 айда қоршаған ортаны қорғау шараларына 1,28 миллиард теңге жұмсалды. 

Әріптестер!

Енді өндірістік көрсеткіштерге тоқталсақ. аталған кезеңде ЕМГ бойынша 2 миллион 398 мың тонна мұнай өндіріліп, мұнайды тапсыру жоспары 2 миллион 371 мың тоннаға орындалды. Ілеспе мұнай газын өндіру 135,96 миллион текше метрді құрап, жоспарланған  көлемнен 1,38 миллион текше метрге  асып түсті. 2018 жылға мұнайды өндіру мен тапсыру жоспарлы көрсеткіштерге сай келіп отыр.

Бұдан әрі Компания басшысы әрбір ӨҚБ-ның өндірістік, күрделі құрылыс, технологиялық үдерістерді автоматтандыру, жаңа жобалар мен технологияларды енгізу, өндірісішілік жолдар құрылысы бағдарламасын іске асыру көрсеткіштеріне тоқталып, ЕМГ өндірістік блогы мен әр Басқарманың біріккен жұмысын ерекше атап өтті. БА-ның негізгі департаменттерінің жұмыс қорытындылары қаралып, анықталған проблемалардың шешілу жолдары сараланып, барлық сауалдар бойынша жетекшілік ететін басшыларға нақты тапсырмалар берілді.

Басқарма төрағасы Компанияның әлеуметтік бағытындағы жұмыстарға да егжей-тегжейлі тоқталды:

Әріптестер!

- Компания әлеуметтік инфрақұрылымның материалдық-техникалық базасын жаңғырту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Биылғы жылы Кенбай кен алаңында жаңа жатақхана мен Қисымбай және С. Балғымбаев кен орындарында 2 асхана пайдалануға берілді.

Компания өз қызметкерлерін бәсекеге қабілетті еңбекақымен және әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіп келеді. 2018 жылдың 9 айында «Ұжымдық шартқа» сәйкес, 258 миллионға жуық теңге көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады. Бұған зейнеткерлерді қолдау бағытындағы әртүрлі төлемдер, жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары және тағы басқалар кіреді. Жұмысшылар демалыс және денсаулықтарын шыңдау орындарын өздері таңдай алады. Сонымен қатар, Компания жұмысшылардың шипажай-курорттық емдерінің де шығындарын өтейді.

Ағымдағы жылдың 10 айында қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті курстардан 4300-ден астам қызметкер өтті, 874 инженер-техник маман біліктілігіктерін арттырды, даярлау және қайта даярлау курстарынан 816 қызметкер (соның ішінде, 60 жұмысшы – профильді емес мамандық түрлерін оңтайландыру бойынша) өтті. 

Кадрлық резервті қалыптастыру және дуалды оқыту бағдарламалары сәтті жүзеге асып келеді. Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша 2015 жылдан 2018 жылғы қараша айына дейін Атырау мұнай және газ университеті, АПЕК Петротекник жоғарғы колледжінің 74 студенті өндірістік білім алып, тәжірибеден өтті. Барлық тағылымгерге «3-разрядты ұңғыларды зерттеу операторы» біліктілігі берілді. 19 студент – «Сусыздандыру мен тұзсыздандыру қондырғысының операторы», 20 студент – «Мұнай және газ өндіру операторы» мамандықтары бойынша екінші біліктілікке ие болды. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған 37 студент Компанияға жұмысқа қабылданды.    

ЕМГ-нің 220 жұмысшысы денсаулығына байланысты Компанияда жүзеге асып жатқан бірегей жоба – «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» бағдарламасын қолданды (58 жастан бастап бес жылға дейін ай сайынғы жалақысының 48-50% жәрдемақы ретінде беріледі). Аталған бағдарлама өмірінің көп жылдарын Ембі өндірісіне арналған жұмысшыларды қолдау мақсатында жүзеге асуда.

Компания басшысы, сонымен қатар, тәртіптік жазаның көпшілігі қызметтік міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, жұмысқа деген немқұрайлы көзқарас танытқан, орта буын басшылары тарапынан бақылау жүргізбеген, қауіпсіздік техникасын сақтамаған қызметкерлерге қолданғанын атап өтіп, еңбек және орындаушылық тәртіпке баса назар аударды. 

Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылуда. 2018 жылы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін 1,8 миллиардтан астам теңге қаражат бөлінді.

- Көріп отырғаныңыздай, барлық бағытта да ауқымды жұмыстар жүруде. Осыған орай, ұжымға Ембінің өркендеуіне қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдіремін! Жылдың аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Алдымызда үлкен міндет тұр – 2 895 тонна көлемінде мұнай өндіріп, рекордты көрсеткішке қол жеткізу. Біздің кәсіби білікті мамандармен, ұйымшыл ұжыммен бұл мақсатқа қол жеткізерімізге сенімдімін, - деді сөзінің соңында Ә.Жақсыбеков. 

Ұжым алдында есеп беру жиыны барысында Компанияның құндылықтары жөнінде түсірілген корпоративті фильм таныстырылып, жұмысшылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.