Экология

2017 жылдың маусым айында Компания ірі жобаны – Прорва кен алаңдары тобында  ілеспе газды күкірттен тазарту қондырғысын іске қосты. Қондырғы жылына 150 млн. текше метр қуаттылықпен жұмыс жасайды. Жоба ілеспе газды 100 пайызға тазарту бағдарламасы негізінде дайындалған.

Қондырғы пайдалануға берілген кезде тауарлық газ, түйіршіктелген күкірт, тұрақты газ конденсаты шығарылады. Жобаның тағы бір ерекшелігі күкірт өндіру үшін Қазақстанда тұңғыш рет қышқыл газдарды күкірттен тазартуға арналған MERICHEM фирмасының патенттелген LO-CAT технологиясы қолданылатын болады. Аталған технология экологиялық тұрғыда қауіпсіз, токсикалық химикаттары жоқ, зиянды жанама қалдықтарды шығармай, күкірт сутегін жоюдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.

Ілеспе газды дайындайтын мұндай қондырғылар 2012-2013 жылдардан бері Кмпанияның Шығыс Мақат және С.Балғымбаев кен алаңдарында жұмыс жасауда. Экологияға кері әсер тигізуді азайтумен қатар, аталған жоба Атырау облысының үш ауданы тұрғындарын жеңілдетілген бағаға табиғи газбен қамтамасыз етіп келеді.

Компания қоршаған ортаға тиетін әсерді азайту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихи ластанған аумақтарды тазарту және мұнай қалдықтарын өңдеу бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға қомақты қаражат бөліп келеді. Қайта өңдеу жұмыстары Kalottikone финдік қондырғы арқылы жүзеге асырылады. Қайта өңделген топырақ кен орындарындағы автожолдар құрылыстары мен жөндеу жұмыстарына пайдаланылады.

Тұщы суды ұтымды пайдалану аясында Компанияда 2016 жылдан бері «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Оңтүстік Ембі бассейні мен Қайнар сілемдері аумақтарындағы нысандарының өндірістік қажеттіліктері үшін жерасты суларын іздестіру мен пайдалану жұмыстары басталып, альб-сеномандық қабаттарының жерасты су қорлары бағаланды. Бағдарламаның жүзеге асуы кәсіпорынға Еділ өзенінің суын өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді.