Компания басшысының үндеуі

Сайтымыздың жаңартылған парақшасына қош келдіңіздер!

Біздің Компанияның тарихы тереңде жатыр. Алғашқы мұнай бұрқағы  1899 жылы Ембі кен алаңы – Қарашүңгіл жерінде атқылаған. Отандық мұнай өндірісінің тарихы осы кезеңнен бастау алады. 

1922 жылы «Ембімұнай» трест болып құрылғаннан күні бүгінге дейін ел экономикасына және  Атырау облысының әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Келісімшарттың аясында және «Ембімұнайгаз» АҚ ерікті түрде Қазақстан мұнай-газ саласының кәсіби мамандарын дайындауға қаражат аударып, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау көрсетуде.

2017 жылы Компания өзінің 95 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік шаралар бағдарламасының аясында қызметкерлер мен Атырау облысы мен қаласының тұрғындарына арналған бірнеше қайырымдылық және мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды. 

Компанияның жылдар бойы тұрақты дамуының кепілі – білікті кадрлар. Өзен, Маңғышлақ, Ембі кен алаңдарының және әлемдегі ірі кеніш – Теңіз мұнай алаңының іске қосылып, бүгінге дейін игерілуі – ембілік геологтардың қажырлы жұмыстарының нәтижесі. Әрине, Компанияның бүгінгі табысында «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік құрылымдарында еңбек етіп жатқан мыңдаған мұнайшылардың зор еңбегі жатыр.  

Бүгінгі «Ембімұнайгаз» АҚ – геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізумен қатар, бизнестің  жаңа бағыттарына заманауи технологияларды енгізіп келе жатқан  болашағы зор мұнай компаниясы. Компаниямыздың тарихы мен қазіргі мәртебесі жайында барлық ақпарат сайтымыздың парақшаларында орналастырылған. Ал, сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды «Кері байланыс» бөлімі арқылы жолдауыңызға болады.

Сайттағы ақпараттар сіз үшін қызықты болады деп сенеміз!

Құрметпен, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы
Әнуар Еркінұлы ЖАҚСЫБЕКОВ


Кері байланыс